Сәби сүю бақыты – ата-анаға Тәңірден берілген сыйдың ең кереметі. Бала жүрегі – кішкентай күйсандық іспетті. Кілтін тапсаң ғана ашылады. Ежелден ұрпағына ұлт болашағы деп қарайтын дана халқымыз бала тәрбиесіне ерекше мән берген. Өкінішке қарай бүгінгі қоғамда басына қонған бақ пен Жаратушының берген бақытын бағалай алмай жатқандар көп. Соңғы уақытта әлеуметтік желіде өз баласының өзегінен теуіп, тілі шықпаған шынашақтай ұл-қызын аяусыз ұрып-соғып жатқан ата-аналардың бейнежазбасы көп таралып кетті. Біреу бір сәбиге зар болып жүрсе, безбүйрек ана мен тасбауыр әкелер сабап жүр. Үсті-басы көкала қойдай болған бейкүнә бүлдіршіндерді көргенде жаның ауырып, жүрегің сыздайды.
Таяқ тәрбие құралы ма?
Бұрын жаңалықтардан өзге елде ата-анасынан зәбір көрген балаларды көрсеткенде жаныңды аяз қарып, көңілге кірбің ұялаушы еді. Қазір біздің облыста да шақалағын туа салып тастап кеткен, жеткіншегін жетімдер үйіне сүйреп әкелгендерден бөлек ай сайын бір отбасы бүлдіршінін өлімше етіп сабауда. Ең сорақысы – «біз де таяқ жеп өстік қой» деп ұрғаннан еш әбестік көрмейтіндер де бар екен. Бұл алаңдарлық жайт.
Қаңтарда Жаркент қаласында өз баласын батареяға байлап, аяусыз тепкілеп, таяқтаған ананың әрекеті жұртты дүр сілкіндірсе, ақпанда «102» арнасына медициналық мекемеден үш жасар баланың зорлық-зомбылық белгілері бар дене жарақатымен жеткізілгені туралы хабарлама түсіп елді тағы үрейге салды. Кеудеде соққан жұдырықтай жүректің ашуға, балаға деген кекке толуына не себеп?! «Енесі тепкен құлынның еті ауырмас» деп ақтайын десең, төпелеп ұрсып емес, төмпештеп ұрып жатыр. Бұл жалғыз мысал емес. Қоғамда «Балаңды аясаң, аяма» деген тәмсілді кері түсініп, бүлдіршіннің қателігін тоқпақпен түсіндіріп, қырғидай тиетін тасбауыр әке мен безбүйрек ана көп. Тентектікті тезге салу – тепкілеу емес. Бүлдіршінді үркіту, ұрып-соғу арқылы жөнге сала алмаймыз.
Қоғамда «буллинг» деген бүлік бар. Бұл – мектептегі әлімжеттік. Ол «жүйені» даттайтындар да, жақтайтындар да тағы бар. Жақтайтындар: «Бала күнімізде үлкен сыныптағы балалардың соққысын жеп, мықты болып өстік», – дейді. Біреу тиіссе әкеңе айтасың, ал әкең тиіссе кімге айтасың? Бүйте берсек кейін мейірім мен адами құндылықтардан ада, жасқаншақ, қорқақ, өз ойын анық жеткізе алмайтын ұрпақ өсетіні анық. Полиция қызметкерлері мен психологтар баланы жазамен тәрбиелеудің салдары ауыр екенін айтып дабыл қағуда. Тәрбиенің негізі – ата-ана ұл-қызына өзін үлгі тұтып, сыйлайтындай дәрежеде өнеге көрсетуі болса керек. Сондықтан тәртіп бұзған балаңды «жүгенсіз кетті» деп жұдырық ала жүгірмей, қателігі болса байыппен түсіндіруге тырысу керек. Ал ес білмейтін балаңды соғу – үлкен қылмыс. Қар қылаумен, бала сылаумен өсетінін ұмытпайық.
Бала психологиясы – ҒЫЛЫМ
Әдетте баланың текті, көрегенді отбасында тәрбие алғанын байқау әсте қиын емес. Оны бүлдіршіннің берген сәлемі мен үлкенді сыйлауынан-ақ аңғаруға болады. Бала психологиясы – ғылым. Оны ықылым заманнан білген халқымыз тәрбиені талбесіктен емес, құрсақтан бастаған. Балдырған кезінен бойына ізгілік қасиетін ұялатқан. Таяқпен емес ақылмен тәрбиелеген. Ғасырлар қойнауын зерделейтін болсақ, жасы кіші бала тұрмақ, ата-әжелеріміздің өзі жүкті әйелге жол берген. Ізгілік танытып тұрса да аналарымыз: «Сен жүктісің қызым. Құрсағыңда ел басқаратын ұл болуы мүмкін, сондықтан батырдың жолын кеспеймін», – деп жолы мен батасын беріп, ізгі тілек білдірген. Міне, бұл елімізді басқалардан өзгешелеп тұратын ерекше қасиет.
Бала үшін ата-ананың тәрбиесін еш нәрсе алмастыра алмайды. Мұны дана халқымыздың: «Алты аға бірігіп, әке болмас, жеті жеңге жиылып, шеше болмас», – деген ұлағатты сөзінен-ақ аңғара беріңіз. «Балаңды бес жасқа дейін патшаңдай күт, бес жастан он бес жасқа дейін құлыңдай жұмса». Бұл да қазақы тәрбиенің бір жолы. Өкінішке қарай, қазіргі қоғам кешегі бабаларымыз тәрбиенің өзегі санаған дәстүрлеріміздің олқы тұстарын көп көреді. Қазақы тәрбие жастарға құдды бөгенайы бөтен лепес секілді.
Таяқ – тәрбие құралы емес. «Таяқта не, әлпеште не, балаға сана бермесе бәрі бекер», – деуші еді үлкендер. Ол рас. Ал тілі шықпаған баласын сабағандар істеген әр әрекеті үшін Заң алдында жауапты. Ата-ана өз ұрпағының ғана емес, ұлттың алдындағы жауапкершілігін сезінсе екен дейміз. Әйтпесе, қаншама бала туған әкенің ықыласына, аяулы ананың мейіріміне зәру.
Керек КЕҢЕС
Динара Мырзақанова, көпбалалы ана:
Кейбір ата-ана балаларды ұрып-соғып, жазалауды тәрбие деп ойлайды. Бұл қазақы тәрбиеге салсаң да, асыл дінімізде де, маман кеңесіне жүгінсең де дұрыс емес. Баланы тәрбиелеудің ерекше жолын іздеудің қажеті жоқ. Ата-ана алдымен өзін тәрбиелесе болғаны. Халқымызда «баланы құрсақтан тәрбиелейді» деген аталы сөз бар. Бала туған күннен бастап оның тәрбиесін бір сәтке қадағалаусыз қалдыруға болмайды. «Жұрттың баласын қарашы?!» деп салыстырмай, кемсітпесең, балаң да мықты болып өседі. Ең бастысы – мейіріміңді сезіну керек.
Айдар ҚАЛИЕВ





