Бұл туралы Білім жəне ғылым министрлігінің алқа жиналысында министр Ерлан Сағадиев мәлімдеді. «Сенімді басқаруға беруді себеп қылып жергілікті жерлерде балабақшалар мен колледждерді жекешелендіру жүргізіліп жатыр деген ақпарат бізге келіп түсуде. Біз жекешелендіруге үзілді-кесілді қарсымыз. Өткен жылы 700-ден астам жаңа балабақша мен шағын орталық ашылғаны жақсы болды, көбісін жеке кәсіпкерлер ашты. Біз ондайды қолдаймыз, бірақ ештеңені жекешелендіру қажет емес. Балабақшаларды қайта сатып алу басымыздан өткен», – деп министр өз позициясын білдірді.
ҚР Білім және ғылым министрлігі «Қаржы орталығы» АҚ-ның басшысы Асқар Ибраимов та: «Министрліктің жеке мектептер желісін кеңейту қажеттілігі туралы мәлімдемесін дұрыс түсіну керек. Сөз тек жаңа мектептер туралы қозғалуда. Жаңа мектептердің құрылысын жеке инвестицияларды тарту арқылы да ынталандыру қажет. Дегенмен барлық мемлекеттік мектептерді сақтап қалу жəне жеке сектор бармайтын жерлерде салуды жалғастыру керек», – деп түсініктеме берді.
Шынымен де мектептер салу қажеттілігі өзекті, бұл халық санының өсуімен де, қала тұрғындары санының артуымен де байланысты. Министр Е. Сағадиевтің мәлімдемесі бойынша, əрбір екі жыл сайын 300-ге жуық мектеп салу керек, ол үшін бюджет қаражатынан 350-400 млрд. теңге қарастырылуы тиіс. Сонымен қатар, білім беру ведомствосының басшысы жеке капитал тартуды ынталандыру қажеттігі мен мемлекеттік мектептер ауылдық жерлерде салынатынын да тілге тиек етті.
ҚР Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі




