Оқу басталуына санаулы күндер ғана қалды. Ата-аналардың көбі мүмкіндігі келгенше оқу құралдары мен киім-кешекті ертерек қамдауға тырысады. Десе де бүлдіршіндерді толық қамти алмай отырған отбасылар да бар. Осыған орай Талдықорғандағы №48386 әскери бөлімі «Мектепке жол» акциясын ұйымдастырды.
Шарада №48386 әскери бөлімі отбасы мүшелерімен жұмысты ұйымдастыру комитетінің төрайымы Әйгерім Бекбаева:
– Акцияны жылда өткізу біз үшін дәстүрге айналды. Биыл «Мектепке жол» акциясын мектеп табалдырығын алғаш рет аттағалы отырған 16 оқушыға арнадық. Біздің мақсат – балалардың оқуға ынтасын ашып, қолдан келгенше көмегімізді көрсету, – деді.
Шара барысында балаларға мектепке қажет құрал-жабдықтар табысталды. Әр баланың жүрегіне қуаныш сыйлап, білімге деген ынтасын оятқан акция аясында балаларға тәттілер таратылып, шақырған кейіпкерлермен түрлі ойындар ұйымдастырылып, мерекелік көңіл күй сыйлады. Балдырғандар жақсы көңіл күймен демалып қайтты.
***
Көпбалалы отбасыларына қолдау көрсету мақсатында дәстүрге айналған «Мектепке жол» қайырымдылық шарасы Талдықорғандағы №54380 әскери бөлімінде жалғасын тапты.
Жиында «Форте банк» АҚ көпбалалы әскери қызметшілердің 10 баласына оқу құралдары мен мектеп сөмкелерін табыс етті.
– Біз игі шараны жылда ұйымдастырамыз. Көпбалалы отбасынан шыққан бүлдіршіндерге мектепте қажет заттарды ұсынып, оларға қуаныш сыйлағанның өзі үлкен бақыт, – дейді майор, №54380 әскери бөлім командирінің орынбасары Асхат Оспанов.
Балалардың мектеп алдындағы көңіл күйлерінің көтеріңкі болуына себепкер болған №54380 әскери бөлімінің басшылығына ата-аналар да өз ризашылықтарын білдірді.
А. НАЗАРҰЛЫ