Жетісу облысы өңірлік коммуникациялар ақпарат алаңында балалардың 2024 жылғы жазғы маусым демалысында сауықтыру ұйымдарына қойылатын талаптар мәселесі талқыға түсті.
Жиында Жетісу облысының санитариялық-эпидемиологиялық департаменті басшысының орынбасары Самат Ахметов және Дене шынықтыру, спорт, алғашқы әскери даярлық және қосымша білім беру ғылыми-практикалық орталығының директоры Айбол Қасенов өңірде атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.
– Биыл облыс бойынша 9 маусымдық, 1 киіз үй балаларды сауықтыру лагерьлері жұмыс істеу жоспарланған. Ескелді ауданы «Айналайын» лагеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі, сол себепті биылғы маусымда жұмыс істемейді. Казіргі кезде Панфилов ауданындағы «Қарлығаш» спорттық-сауықтыру лагері жеке кәсіпкерлік қолына ауыстырылып жатыр. Былтыр жаңадан ашылған «Жалын» лагерінде сәйкестендіру бойынша құрылыс жұмыстары аяқталуда, – деді Самат Махаббатұлы.
Сонымен қатар әрбір лагерьдің жұмысы басталар алдында Департамент және оның аумақтық басқармалары санитариялық қағидалардың талаптарына сәйкестігіне тексеру жүргізеді, сәйкес болған жағдайда санитариялық-эпидемиологиялық қорытындылар береді. Қазір түсіндіру жұмыстары жалғасуда. 25 наурыз бен 25 сәуір аралығында Департаменттің аумақтық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармалары аумақтық білім бөлімдерімен бірлесіп балаларды сауықтыру лагерьдің басшыларымен және мектеп жанындағы лагерь бойынша мектеп директорларының қатысуымен санитариялық-эпидемиологиялық талаптарын түсіндіру бойынша 10 семинар өткізді.
Санитариялық қағидаларға сәйкес, балалардың қауіпсіз демалысын ұйымдастыру үшін санитарлық-техникалық жағынан лагерь жазғы маусым басталғанға дейін дайын болуы, барлық қызметкерлер медициналық тексеруден өтуі және профилактикалық дератизация мен дезинсекция жүргізу қажет.
Мәулен Әнербай