Аймақта қант қызылшасын жинау жұмыстары қарқын алды. Биыл 12 500 гектар алқапқа тәтті түбір егіліп, 500 мың тоннадан аса өнім алу жоспарланып отыр.
Жетісудағы екі зауыт 1 қазаннан бастап қант қызылшасын қабылдай бастады. Шикізат екі қант зауытына өткізіліп жатыр. Қызылша өсіруші Ринат Әдіспаев егіс алқабындағы жұмыстың таңертеңнен кешке дейін қызу жүріп жатқанын, өйткені жаз бойы төгілген тердің жемісін көру үшін өнімді суыққа ұрындырмай, уақытылы жинап алу қарекетіне кіріскенін айтты. Ол 100 гектар жерге тәтті түбір егіп, алқапқа жаңбырлатып суару әдісін қолданған. Нәтижесі көңіл көншітеді. Оған өнімдерінің жақсы шығып, гектар берекесінің тасып жатқаны дәлел. Тіпті, ойлағаннан да мол өнім жиналады деп күтіліп отыр. Науқан жұмыстары 10-15 күннен кейін аяқталмақ. Биыл зауытқа Ақсу, Сарқан, Алакөл және өзге аудандардағы шаруалардан 300 мың тоннадан аса тәтті түбір өткізіледі. Өнім қабылдауда ұзын сонар кезек болмас үшін өндірістегілер электронды жүйе енгізіп қойған. Сарқан ауданынан келген жүргізуші Мұрат Мақашев кезекте шамамен үш сағат тұрып қызылша тапсырғанын, егер осылай жалғаса берсе бүкіл өнімнің тезірек тапсырылатынын сөз етті.
– Шаруа қожалықтарына логин, пароль беріледі. Ол жүйеге ешқандай интернеттің қажеті жоқ. Бұған дейін әрбір шаруа көлікпен келіп, өнімін өткізу үшін таңертеңнен кешке дейін жүретін. Ал қазір олай істеудің қажеті жоқ. Қабылдау өткеннен кейін оған автоматты түрде мәлімет жетеді. Онда көліктің қай уақытта келіп, өнімнің қанша тонна болғаны көрсетіліп тұрады, – дейді зауыт өкілі Берік Қалиев.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, жиын-терін науқанына кіріскен шаруалар қазір орта есеппен 422 центнерден өнім алуда. Өткізілген тәтті түбірдің әр тоннасы үшін шаруаларға мемлекеттен 25 мың теңге субсидия беріледі. Бұған қоса зауыт тарапынан 15 мың теңге төленеді. Нәтижесінде аграршыларды қолдаудың жалпы сомасы тоннасына 40 мың теңгені құрайды. Қазір егін жинау жұмыстары облыстың бес ауданында қызу жүруде.
Айгүл БАЙБОСЫНОВА





