Жетісу облысы Көксу ауданына қарасты Балпық би ауылының тұрғындары көпжылдық ағаштардың жаппай кесілуіне байланысты наразылық білдірді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Ауыл халқының айтуынша, теміржол станциясы аумағында 40-50 жылдық тарихы бар қарағаштар оталып жатыр. Тұрғындар ондаған жыл бойы елді мекеннің микроклиматын қалыптастырып, көлеңке беріп тұрған жасыл желектің жойылуына алаңдаулы.
Жергілікті тұрғындардың пікірінше, ағаштар адамдарға да, теміржол қатынасына да ешқандай қауіп төндіріп тұрған жоқ. Тұрғындарды әсіресе кесілген ағаштардың өзге өңірлерге, соның ішінде Қызылорда облысының нөмірлері тағылған жүк көліктерімен тасымалдануы күдіктендіріп отыр. Ауыл белсенділері қауіпсіздік шаралары жай ғана сылтау екенін, іс жүзінде ағаштарды материал ретінде өңдеуге әкетіп жатқанын алға тартады.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Көксу аудандық Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі жұмыстардың заңды екенін мәлімдеді. Ведомство дерегінше, «Тентек» жол дистанциясы аталған аумақта ағаш кесуге ресми рұқсат алған. Тиісті құжат 2026 жылғы 13 сәуірге дейін жарамды.
Теміржол станциясының өкілдері ағаштарды отау – қозғалыс қауіпсіздігі мен адам өмірін сақтау үшін жасалып жатқан амал екенін түсіндірді. Мамандардың айтуынша, ескі ағаштар теміржол іздеріне құлауы, машинистердің көру мүмкіндігін шектеуі немесе инфрақұрылымға зақым келтіруі мүмкін.
Жергілікті билік пен теміржол қызметі кесілген әр ағаш үшін өтемақы қарастырылғанын айтады. Жоспар бойынша аталған аумақта 300 түп жаңа көшет егіледі. Қазіргі таңда оның 100 түбі отырғызылып қойған. Алайда Балпық би тұрғындары уәдеге күмәнмен қарайды. Олардың пайымдауынша, жаңа егілген жас шыбықтар ондаған жыл бойы өскен алып қарағаштардың орнын баса алмайды.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Мұндай түсініспеушіліктерді болдырмау үшін жергілікті атқарушы органдар мен табиғат пайдаланушылар арасында ашықтық орнауы қажет. Мамандардың пікірінше, кесу жұмыстары басталмас бұрын тұрғындармен қоғамдық тыңдаулар өткізу – мәселенің оңтайлы шешімі. Сонымен қатар жаңа көшеттердің тек егілуін ғана емес, олардың әрі қарайғы күтімі мен өсіп кетуін бақылайтын қоғамдық мониторинг тобын құру маңызды.





