Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация бірінші вице министрі Нұрлан Алдамжаров пен Бас прокуратураның Қоғамдық мүдделерді қорғау қызметі басшысының орынбасары Ризат Смағұлов Ислам даму банкі қаржыландыратын «Климатқа төзімді су ресурстарын дамыту» жобасының бірінші кезеңін іске асыру мәселелері бойынша бірлескен арнайы кеңес өткізді. Ведомствоаралық маңызды жиынға Қазсушар республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының басшылығы, бас мердігер ұйымдар, авторлық қадағалау өкілдері, сондай ақ жобаға қатысушы өзге де мүдделі тараптар толық қатысты, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Кездесу барысында ауқымды инфрақұрылымдық жобаны іске асырудың қазіргі нақты кезеңдері, құрылыс және дайындық жұмыстарының барысы, сонымен қатар бекітілген іс шараларды орындау мерзімі мен сапасын қатаң сақтау мәселелері жан жақты қаралды. Жиында мемлекеттік қаржының мақсатты жұмсалуы мен сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелеріне ерекше назар аударылды. Бас прокуратура өкілдері сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарын болдырмау бойынша құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қатысушыларды ықтимал жемқорлық тәуекелдерімен және қолданыстағы заңнаманы бұзғаны үшін қарастырылған қатаң жауапкершілік шараларымен мұқият таныстырды. Сонымен қатар қатысушыларға заң бұзушылық фактілері туралы арнайы сенім телефоны арқылы анонимді түрде жедел хабарлауға болатыны ескертілді. Кеңес қорытындысы бойынша прокуратура органдары жобалардың сапалы іске асырылуын тікелей бақылау және барлық құрылыс процесінің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында мұндай ведомствоаралық бақылау кездесулерін тұрақты түрде өткізіп тұру туралы шешім қабылдады.
«Бүгінде «Климатқа төзімді су ресурстарын дамыту» жобасының бірінші кезеңі аясындағы жұмыстар Қазақстанның алты өңірінде басталды. Жоба су қоймаларын салу және қайта жаңғырту, сондай-ақ ирригация каналдарын жаңғырту шараларын қамтиды. Бұл бастама су шаруашылығы инфрақұрылымын дамыту мен жаңғыртуға, су ресурстарын басқару тиімділіге арттыруға және саланың климаттық тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған», – деді Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Нұрлан Алдамжаров.





