14 тамызда Астанадағы Qazaqstan жеңіл атлетикалық кешенінде Халықаралық әскери-спорт кеңесі (CISM) аясында қазақ күресінен I әлем чемпионаты басталды, деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы Kazinform сайтына сілтеме жасап.
Кілемге әлемнің 25 армиясынан келген спортшылар шығады. Қазақстан намысын Қарулы күштердің және Мемлекеттік күзет қызметінің үздік балуандары қорғайды. Белдесулер ерлер мен әйелдер арасында 48 келіден 100 келіден жоғарыға дейінгі 16 салмақ дәрежесінде өтуде.
Чемпионатты өткізу құқығын Қазақстан 2024 жылы Танзанияда өткен CISM-нің 79-шы Бас ассамблеясында қазақ күресін таныстырғаннан кейін алған. Бұл жарыс Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына орай ұйымдастырылып отыр. Қонақтар мұрағаттық құжаттар, фотосуреттер мен жәдігерлер қойылған тақырыптық көрмені тамашалап, киіз үйлерді, ұлттық экспонаттарды және қазақ өнерінің үлгілерін көре алады.
CISM – Халықаралық олимпиадалық комитеттен кейінгі ең ірі спорт ұйымы, ол 140 елдің қарулы күштерін біріктіреді. Чемпионаттың Астанада сәтті өтуі қазақ күресінің 2027 жылы АҚШ-та өтетін Дүниежүзілік әскери ойындар бағдарламасына енуіне жол ашуы мүмкін.





