Туыстарым Халық Қаһарманы, жазушы, Екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты жауынгері, әскери қолбасшы Бауыржан Момышұлымен жақсы араласты. Осыған орай оқырман қауымға Баукең жайлы жақындарымның қалдырған жылы естелігімен бөлісуді жөн көрдім.
Ағам Тұрсын Махметов пен жеңгем Сәлима Кұлжанова бес бала тәрбиелеп, өсірген отбасы. Олар Бауыржан Момышұлы, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Рақымжан Қошқарбаев, Еркеғали Рахмадиев, Қалтай Мұхамеджанов, Сәкен Жүнісов, Хакімжан Наурызбаев, Евней Букетов, Шота Уәлиханов сынды елге танымал қайраткермен жақын араласқан.
Тұрсын ағам Алматы және Талдықорған облыстарында аудандық партия ұйымдарының бірінші хатшысы қызметін атқарған, еңбегімен елге сыйлы жан болған. Атақты билердің, аға-сұлтандардың ұрпағы, төре руынан. Арғы атасы Тоқсанбай би Шоқан Уәлихановтың туысына үйленген және атақты аға-сұлтан ретінде 1862 жылы Петерборға Романовтар әулетінің 250 жылдығына барып, императордың атынан кеудесіне орден таққан. Зайыбы Сәлима Жұмағұлқызының (1925-2013 ж.ж.) әкесі әулие Әнет-баба Кішікұлының шөбересі. Сәлима апа ұстаздық жолын бастағанда Мұхтар Әуезовтің өзі баратын ауылға жолдама хаты мен батасын беріпті. Сәлима апа батыр Бауыржан туралы естеліктерін «Білім және енбек» журналында жариялаған және ол «Махметов Тұрсын. Естеліктер жинағы» атты кітапқа енген. Кітапта былай жазыпты:
«Менің шалым Тұрсын Махметовты біраз жұрт жақсы біледі. Ол бірнеше жыл мына Алматы мен Талдықорған облыстарында шаруашылық басшысы, кейін аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып қызмет атқарды. Әдебиетке, өнерге деген ықыласы ерекше еді. Сондықтан болар, кезінде Тұрсын туралы Мұқаңнан (Мұхтар Әуезовті айтам) бастап біршама ақын-жазушы жылы пікір білдірген. Тұрсын Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, тағы бірсыпыра қаламгермен, өнер адамымен қарым-қатынаста болды. Әсіресе, оның Баукеңмен сыйластығы айрықша жақын еді. Жолы түсіп жатса Баукең біздің үйге соқпай кетпейтін. Дастарқанымыздан талай дәм татты. Әйтеуір ол кісі Тұрсынды тәуір көрді.
Тұрсын да: «Ел тентек дегенмен, жаны, табиғаты таза адам ғой», – деп отыратын. Үйге келгенде балаларымызды сапқа тұрғызып, әрі-бері солдаттарша адымдап жүргізетін.
Шамасы 1974 жылы болуы керек. Бір жолы Баукең Алматыдан Қапал-Арасан жаққа бара жатады. Қонаққа ма, әлде демалуға ма, ол жағын анық білмеймін. Ол кезде біз Талдықорғанның Киров ауданындамыз. Асығып жүріп Баукең үйде сағатын ұмытып кетеді. Жолда бара жатып есіне түседі. «Әй, мына жерде Тұрсын бар еді ғой», – деп аудандық партия комитетіне соғады. Барса, бюро жүріп жатыр екен. Оны тыңдайтын Баукең бе? Есік аузындағы хатшы қыздың шырылдағанына қарамай, бюроның үстіне кіріп барады да кәдімгі өзінің үйреншікті әдетімен қолын шекесіне тақап: «Жолдас, бірінші хатшы, сіздің алдыңызға гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлы келіп тұр!» – деп тіл қатады. Сөйтеді де: «Қолыңда сағат бар ма? Әкел бері!» – деп шешіп алады да өз қолына тағады. Сөйтіп: «Сау болыңдар!», – деп үн-түнсіз шығып кетеді. Отырған ел аң-таң. Бірдеңе дейін десе, келген кісіден бірінші хатшының өзі ығып қалды. Кешке үйге келгенде осыны Тұрсын таңғалып айтты. «Баукеңнің мұнысы несі екен-ай?», – деді. Біз де түсінген жоқпыз.
Артынан қайтып келе жатып Баукең үйге соқты. Сонда мән-жайды айтты. «Кісіні бір қорқыттыңыз ғой», – деп Тұрсын күліп жатыр. Кейін ойлап отырсақ, жарықтық Баукеңнің жақсы көрген інісіне өзімсінген, еркелеген түрі екен…».
Анам Нағима Құлжанова жас кезінен Баукеңнің болашақ зайыбы Ғайникамал Баубекованың (Қаныш Сәтбаев ағам айтқан) досы болған. Бос уақыттарында екі құрбы жиі кездесіп, әңгімелесіп тұратын. Мен де екі-үш рет еріп барып, Қамаш апаның екі қызымен әңгімелесіп, кітаптарды оқитынбыз. Анам Халық Қаһарманын алғаш соғыс кезінде көріпті. Ол кісі 1944 жылдың басында Алматыға майданнан емделуге келген кезі болу керек. Медғат Исағалидің кітабында басылған анамның естелігінен үзінді келтірейін.
«Соғыс кезі. Қиын уақыт. Күнкөріс оңай емес. Қосымша жұмыс істеуге қажеттілік туды. Кенже (Тәшпық Құтжанұлы) ағама бар жағдайды айттым. Ол кісі Қаныш ағамен жақсы болатын. Мені сол кісімен таныстырды.
– Нағыш – менің қарындасым. Осыны бір жеңіл жұмысқа орналастыру керек, – деді ағам ол кісіге. Қаныш аға көмектесетінін айтып, келісім берді. Сөзінде тұрды, ол кісі мені машинисткалық жұмысқа алды. Курьерлік міндет атқарамын сонда. Қаныш аға қайда жұмсайды, мен сондамын.
Ол кісі бірде мені Баукеңнің үйіне жұмсады. Сонда Баукеңді алғаш рет көрдім. Бұл – батыр ағаның соғыстан демалысқа келіп жатқан кезі. Онда Баукеңнің үйі қазіргі Аманкелді ескерткіші тұрған жерде болатын. Сөйтіп жүріп оқуды бітірдім…».
Тұрсын ағаның ұлы Нұрлан: «Бауыржан Момышұлы үйімізге жиі келіп, бізде тоқтайтын. Мен мектепте оқып жүргем. Күнде таңертең Бауыржан аға бант байлап беруді сұрайтын. Ол бантты оған (Кубаның президенті) Фидель Кастро сыйлаған екен. Бауыржан аға галстук таққанды жаратпайтын, бірақ-та бантты ұнататын. Әскери адам ретінде, барлығы дұрыс, тиянақты болуын қалайтын. Егер бант қисық байланса, менімен саптық дайындық өткізетін. Күшті командир дауысымен саптық жүріс бөлмеде жасататын. Бауыржан аға маған Александр Бектің «Волоколамское шоссе», ал Қасым аға Қайсенов өзінің «В тылу врага» кітабын сыйлады. Әкем маған ылғи айтатын: «Осы адамдарға ұқсайтын бол, олар өз өмірлерін халық үшін қиюға дайын. Бұл әкемнің сөздерін мен мәңгілік есімде сақтаймын…», – дейді өз естелігінде.
Фатима Оразбекова,
ардагер ұстаз,
ҚР Журналистер одағының мүшесі
Жамбыл облысы





