Облыс әкімі Бейбіт ИСАБАЕВ Талдықорған қаласындағы құрылыс және абаттандыру жұмыс барысын аралап көрді. Кезекті аралау «Қазақстан» мейрамханасы алдындағы «Үш ата» ескерткішінен басталды. Аталған нысанның қайта жөндеу сапасы аймақ басшысының назарынан тыс қалмай сын-ескертпелер айтылды.
Қала әкімі Ернат Бәзілмен бірге ескерткіш басына барған облыс әкімі баспалдақ пен кафель төсемелерінің сапасын сынға алды. Бұл ескерткішке жауапты мердігер «Қыран Құрылыс» ЖШС. Компания директорының орынбасары Асылан Бекенов осы жағдайға байланысты:
– Айтылған ескертпелер орындалып, кемшіліктер ескеріліп, қайта өңдеу жұмыстары жүргізіледі. Нысанды тапсыруға әлі бір ай уақыт бар, сол аралықта барлық талапқа сай қылып аяқтаймыз, – деді.
Кезекті аралау барысында аймақ басшысы «Жетісу», «Бірлік» және «Құлагер» шағынаудандарындағы құрылыс қарқынын бақылады. Мұнда тұрғын үйлердің салынуы мен инженерлік инфрақұрылымның тартылуы күн тәртібіндегі негізгі мәселе екенін атап өтіп, өз кезегінде нысандардың сапасына айрықша мән беруді тапсырды.
Қала әкімі Ернат Бәзіл бұл бағыттағы жұмыстар жайында баяндап:
– «Құлагер» шағынауданында жөндеу жұмыстары жүріп жатқан 54 пәтерлі екі және 28 пәтерлі үш тұрғын үй бар. Бұл үйлердің құрылысы келесі жылы толық аяқталып, пайдалануға беріледі, – деді.
Келесі кезек «Жастар – 3» шағынауданында жалғасып, жаңадан бой көтерген тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар таныстырылды. Бұдан соң Қабанбай батыр және Рүстембеков көшелеріндегі жолдың жөндеу жұмыстары тексерілді.

Бұл бағыттағы жұмыстарды «Гордор- Строй» ЖШС жүзеге асыруда. Компанияның бас инженері Николай Юдиннің айтуынша, қазіргі таңда екі шақырымнан артық жол учаскесінің жөндеуі аяқталған. 30-ға жуық жұмысшы тартылып, 10 ауыр жүк көлігі жұмылдырылған. Алдағы 2 аптан ішінде толықтай жұмыс аяқталады.
Қала келбетін көркейту – жүйелі еңбекті қажет ететін іс. Осы мақсатта аймақ басшысы құрылыс қарқынын қатаң бақылауда ұстайтынын атап өтті.
Санжар СҰЛТАНҒАЗЫ





