«Қазгидромет» синоптиктері 26-ақпанда еліміздің көптеген өңірінде ауа райы күрт құбылып, қолайсыздықтар туатынын мәлімдеді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Жетісу облысының тұрғындары үшін бейсенбі едәуір күрделі болмақ. Күндіз облыстың шығысында, орталығында және таулы аймақтарында қалың қар жауып, жолдарда көктайғақ түзіледі. 26-27 ақпан күндері тұман түсіп, көру мүмкіндігі шектелуі ықтимал. Сонымен қатар солтүстік-шығыстан соққан желдің екпіні 15-20 м/с, кей жерлерде тіпті 23-28 м/с дейін күшейеді. Талдықорған қаласында да күндіз тұман мен көктайғақ болады.
Түркістан облысында жағдай бұдан да күрделі: батыс, солтүстік және оңтүстік аудандарда қатты жауын-шашын (жаңбыр, қар) жауады. Оңтүстік өңірлерде найзағай ойнап, таулы аймақтарда бұрқасын соғады. Шымкент пен Түркістан қалаларында тұман түсіп, желдің екпіні 20 м/с жетеді.
Қызылорда облысында да қар аралас жаңбыр жауып, желдің жылдамдығы 23-28 м/с дейін артады. Қызылорда қаласында тұман мен бұрқасын жүреді. Маңғыстау, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарында тұман түсіп, кей жерлерде көктайғақ болады.
Шығыс Қазақстан облысында түнде және таңертең термометр бағаны 40 градус аязды көрсетеді. Бұл өңірде тұман түсуі де мүмкін. Абай облысында да тұман болып, Аягөз ауданында жел күшейеді. Павлодар мен Ақмола облыстарында тұман түсіп, желдің екпіні 15-18 м/с жетеді.
Алматы облысының солтүстігінде қалың қар жауса, Алматы қаласында күндіз мұзды жаңбыр мен қар жаууы ықтимал. Қонаев қаласында желдің екпіні 25 м/с жетеді. Қарағанды мен Ұлытау облыстарында да қар жауып, жаяу бұрқасын жүреді. Жезқазғанда желдің жылдамдығы 20 м/с болады.
Мамандар жолға шығатын жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге аса сақ болуды ескертеді. Көктайғақ пен тұман кезінде арақашықтықты сақтап, жылдамдықты асырмау маңызды. Қажеттілік болмаса, алыс сапарға шықпауға кеңес беріледі.





