Қазақ журналистикасы мен поэзиясында өзіндік қолтаңбасын қалдырған қаламгер, Қазақстан Жазушылар одағы мен Журналистер одағының мүшесі Мұрат Мырқанұлы Тастағанов өмірден өтті, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы Turkystan.kz сайтына сілтеме жасап.
Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігі хабарлады.
Мұрат Мырқанұлы 1953 жылы Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданының Сарықамыс қыстағында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын «Коммунизм туы» (қазіргі «Дидар») газетінде бастап, өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарында ұзақ жыл қызмет атқарды.
Ол «Мәңгі жас ғұмыр», «Марқакөлім – мөп-мөлдірім, мерейім», «Алтын тау – Алтай» жыр жинақтарының авторы әрі 60-тан астам әннің сөзін жазған. Қаламгер Күршім ауданының Құрметті азаматы атанып, туған өңірінің рухани өміріне зор үлес қосты.
Мұрат Тастағанов ана тілі мен ұлттық рухтың жанашыры болды. «Қазақ тілі» қоғамының Өскемен қалалық ұйымын басқарып, тілдің қадірін ұлықтады. Сондай-ақ облыстық теле-радиокомпанияда, Семейдегі «Ертіс өңірі» газетінде және Әміре Қашаубаев атындағы филармонияда қызмет етіп, мәдениет пен өнердің дамуына айрықша еңбек сіңірді.
Қаламгердің шығармалары мен публицистикасы ұлттық әдебиет қазынасында мәңгі сақталмақ.
Ұлтына адал қызмет еткен абзал азаматтың жаны жәннатта болсын.





