Ауыл шаруашылығында «бір рет егіп, бірнеше жыл өнім алу» әдісі соңғы жылдары ғалымдардың ерекше назарын аударып келеді. Мұндай тәсіл жерді жыл сайын қайта өңдеу, тұқым себу және техниканы бірнеше рет жүргізу қажеттілігін азайтып, топырақты сақтауға, ылғалды тиімді пайдалануға және өндіріс шығынын төмендетуге мүмкіндік береді. Осындай ізденістердің бірі – көпжылдық бидайық (Thinopyrum intermedium) негізінде көпжылдық астық дақылдарын жасау. Қарапайым шөпке ұқсайтын бұл өсімдік бірнеше жыл қатарынан өсіп, қыстан кейін қайта көктейді. Оның қуатты тамыр жүйесі бар, дәнімен қатар мал азығына да пайдалануға болады.
Кәдімгі бидай – біржылдық дақыл. «Не ексең – соны орасың». Егін жиналғаннан кейін алқап қайта өңделіп, келесі маусымда жаңа тұқым себіледі. Ал көпжылдық бидайдың мақсаты – бір рет қалыптасқан өсімдікті бірнеше жыл сақтап, жыл сайын өнім алу.
Мәдени бидайда мұндай қасиет табиғи түрде болмағандықтан селекционерлер оның жабайы туыстарына жүгінеді. Солардың бірі – көпжылдық бидайық. Бидай мен бидайықтың пайдалы қасиеттерін біріктіру арқылы бидайға ұқсас, бірақ көпжылдық қасиеті бар өсімдіктер алынады. Олардың масағы кәдімгі бидайға қарағанда жіңішкелеу әрі ұзындау келеді. Мұндай өсімдіктерді алу үшін бірнеше буын бойы селекциялық зерттеу жүргізіледі.
Әлемдегі ізденіс және Қазақстандағы тәжірибе
Көпжылдық бидайықты мәдени дақылға айналдыру бағытындағы белгілі зерттеулердің бірі АҚШ-та жүргізілген. Канзас штатындағы The Land Institute ғалымдары бидайықтың дәні ірілеу және жинауға қолайлы түрлерін іріктеп, біраз жыл селекциялық жұмыс жүргізген. Нәтижесінде «Kernza» деп аталатын көпжылдық астық дақылы қалыптасты. Көпжылдық өсімдіктерге қызығушылықтың артуы олардың топырақты қорғау қасиетімен де байланысты.
Қуатты тамыр жүйесі топырақта ұзақ сақталып, өсімдік жамылғысы жерді жел мен жауын-шашынның әсерінен қорғайды. Терең тамырлар ылғал мен қоректік заттарды тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Бұл Қазақстан үшін, әсіресе топырақ құнарын сақтау мен жел эрозиясының алдын алу тұрғысынан маңызды.
Қазақстанда көпжылдық бидайық негізіндегі өсімдік материалын зерттеу жұмыстары Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының егіншілік зертханасында жүргізілуде. Тәжірибелік жұмыс 2022 жылы басталған.
Алғашқы маңызды нәтиже – өсімдіктің келесі жылға сақталуы. 2023 жылы өнім жиналғаннан кейін өсімдік жойылмай, қыстап шыққан. 2024 жылдың көктемінде қайта көктеп, үшінші жылға жалғасқан. Бұл оның көпжылдық қасиетін зерттеу үшін маңызды көрсеткіш. Дегенмен бірнеше жыл сақталуының өзі жеткіліксіз. Ең бастысы – өсімдіктің тұрақты әрі экономикалық тұрғыдан тиімді өнім беруі. Сондықтан ғалымдар қазір тұқым себу мөлшерін, тыңайтқыш жүйесін, өсімдікті күтіп-баптауды, арамшөптермен күресуді, жинау мерзімі мен техникасын анықтап жатыр.
Көпжылдық бидайықтың тағы бір артықшылығы – топыраққа түсетін салмақты азайтуы. Біржылдық дақылдар өсірілетін алқап жыл сайын өңделеді. Ал бірнеше жыл бір жерде өсетін өсімдік топырақтың механикалық бұзылуын азайтып, оның құрылымын сақтауға ықпал етеді. Қуатты тамыр жүйесі органикалық заттардың жиналуына жағдай жасап, өсімдік жамылғысы жерді жел және су эрозиясынан қорғайды.
Өсімдіктің мүмкіндігі дәнімен ғана шектелмейді. Көпжылдық бидайықты мал азығы ретінде де пайдалануға болады. Ал АҚШ-та оның дәнінен нан-тоқаш өнімдері мен басқа да тағам түрлерін жасау бағытында зерттеулер жүргізілуде. Дәнінің ұсақтығы мен қамыр қасиеттерінің кәдімгі бидайдан өзгешелігі әзірге зерттеуді қажет етеді. Көпжылдық бидайықпен зерттеу жұмыстары Қазақстанға жақын өңірлерде де жүргізіліп келеді. Мәселен, Ресейдің Омбы мемлекеттік аграрлық университеті ғалымдары қысқа төзімді және өнімді түрлерін іріктеу нәтижесінде «Сова» сортын шығарды. Бұл тәжірибе көпжылдық бидайықтың нақты ауыл шаруашылығы дақылына айналу мүмкіндігін көрсетеді.
Зерттеу бағыты, жаңа мүмкіндіктер
Көпжылдық бидайықтың Қазақстан егіншілігі үшін әлеуеті зор. Егер дақыл бірнеше жыл қатарынан тұрақты өнім берсе, жерді қайта өңдеу азайып, техника мен жанар-жағармай шығыны төмендейді. Сонымен бірге топырақтың құрылымы мен ылғалын сақтауға, жел және су эрозиясының алдын алуға мүмкіндік туады. Алайда бұл артықшылықтарды өндірістік жағдайда нақты дәлелдеу қажет. Қазақстанның әртүрлі табиғи-климаттық аймақтарында өсімдіктің қыстан шығуы, құрғақшылыққа төзімділігі, өнімділігінің тұрақтылығы және экономикалық тиімділігі жан-жақты зерттелуі тиіс.
Сондықтан көпжылдық бидайықты қазір ауыл шаруашылығына дайын енгізілетін дақыл ретінде емес, болашағы бар ғылыми бағыт ретінде бағалаған жөн. Өнімділікті арттыру, дән көлемін ұлғайту, өсіру және жинау технологиясын жетілдіру, тыңайтқыш жүйесін анықтау және бірнеше жыл қатарынан тұрақты өнім алу мүмкіндігін зерттеу жұмыстары әлі де жалғасады. 2022 жылы егілген өсімдіктің келесі жылы өнім беріп, қыстап шығып, қайта көктеуі – осы зерттеулердің маңызды нәтижелерінің бірі. Алдағы тәжірибелер оның Қазақстан жағдайында қаншалықты тиімді екенін нақтылауға мүмкіндік береді. Ауыл шаруашылығының болашағы тек мол өнім алумен өлшенбейді. Аз шығын жұмсап, топырақты тоздырмай, суды үнемдеп, табиғи ресурстарды сақтай отырып өнім өндіру – бүгінгі күннің маңызды талабы.
Гуля ҚҰНЫПИЯЕВА,
ауыл шаруашылығы ғылымдарының
кандидаты, профессор





