2026 жылы Қазақстанда 850-ден аса запастағы офицер әскери қызметке шақырылады, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Бұл туралы Қорғаныс министрлігі мәлімдеді.
Шақыру «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» ҚР заңы аясында жүзеге асырылады. Аталған шара Қарулы күштердің жауынгерлік дайындығын арттыруға және әскери резервті нығайтуға бағытталған.
Үкімет қаулысына сәйкес, 700 запастағы офицер Қарулы күштер қатарына жіберіледі. Сонымен қатар 80 офицер – Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне, 64 офицер – Ұлттық ұланға, 15 офицер – Төтенше жағдайлар министрлігіне шақырылады.
Запастағы офицерлер авиация, инженерлік, артиллериялық, радиотехникалық, әскери тасымалдау, медицина, тылдық қамтамасыз ету, ақпарат және барлау бағыттары бойынша ең қажетті әскери мамандықтар негізінде іріктеледі.
Айта кетейік, 2025 жылы да Қазақстанда әскери қызметке жарамды болғанымен, оны өтемеген азаматтар қатарынан 700 запастағы офицер әскери қызметке шақырылған болатын.





