Алматы облысындағы 742 елді мекеннің 474-і газбен қамтамасыз етіледі. Бұл туралы «Жетісу-медиа» хабарлады.
Қазіргі таңда Алматы облысында 144 елді мекен көгілдір отынға қосылған. Табиғи газға 1,1 млн.адам (56 пайызы) қол жеткізе алады. Барлығы 20 аудан мен 15 қала газ қызығын көреді.
Аталған бағыттағы жұмысқа жергілікті қазынадан 3,4 млрд.теңге бөлінген.
Табиғи газға қосылушы елді мекендер қатарында Ескелді ауданының орталығы — Қарабұлақ ауылы да бар. Мұнда облыстық бюджеттен 1,5 млрд.теңге қарастырылып, құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Жоба екі іске қосу кешенінен тұрады. Жылдың соңына қарай құрылысты толық аяқтау және газ тарату желілеріне газ беру жоспарда бар. Бас мердігерлік ұйым — «МБК Құрылыс» ЖШС.
Облыс басшысы Амандық Баталов әрқашан аймақты газбен қамту жұмыстарына баса мән беріп келеді. Оның ішінде халықтың осал топтарына жеңілдік жасауды да ұмыт қалдырған емес. Көгілдір отынға қосылудағы бағаны да әлеуметтік топтар үшін төмендетіп отыр.
Осы мақсатта «Талдықорған қаласы мен Алматы облысының елді мекендеріндегі тұрғын үйлерді газдандыру» қаржылық-экономикалық негіздемесі әзірленді. Облыстық бюджеттен 500,0 млн.теңге көлемінде қаражат бөлінді. Айта кетерлігі, табиғи газды тарту жұмыстары бастан-аяқ бір тұтынушы үшін 250-300 мың теңгені құрайды.
Бүгінгі таңда 55 абонент бойынша газ тарату желілеріне қосылу жұмыстары басталды, үй иелерімен шарттар жасалуда.
Естеріңізге саламыз, 2016 жылдан бері облыс орталығында газ тарту жұмыстары басталған.
Биыл Талдықорған қаласын газдандыру аяқталады. Жоба IV кезекке бөлінген, газ құбырларының жалпы ұзындығы — 926,3 км, құны — 19,4 млрд.теңгені құрайды. Ал абоненттер саны — 54,3 мыңға жетіп жығылады.
Алдағы таңда 91 елді мекен газға қосылып, 300 мың абонент көгілдір отынға қол жеткізетін болады.
«ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ»
Сурет — ғаламтордан





