Бүгінде Талдықорған қаласында жылу жүйелерін қайта жаңарту жұмыстары қарқынды. Дейтұрғанмен қыс қыр астында. Аймақ тұрғындарында жылу дер кезінде берілмей қалама деген алаңдаушылық та бар.
Мамандардың мәліметінше, биылғы жылдың жоспарына сәйкес Талдықорған қаласындағы жылу құбырларын кезең-кезегімен жаңарту қолға алынған. Жаз айында қаладағы Гагарин, Алдабергенов, Қаблиса жырау, Жансүгіров, Қабанбай батыр көшелерінде жылу құбырларын қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, жалпы ұзындығы 5,4 шақырымды құраған. Қазір шаһардағы Абай, Дарабоз ана, Қабанбай батыр, Балпық би көшелерінде 1,8 шақырым болатын жаңа жылу желілерін жаңарту ісі жалғасуда..
Сала жауаптыларының сөзінше, Жетісу облысының орталығындағы өткен ғасырдың 80-90 жылдары салынған жылу құбырлары әбден ескірген. Жоспар бойынша құбырларды жаңарту жалғасуда. Бұл алдағы жылыту маусымдарындағы орын алатын апаттық жағдайларды болдырмаумен қатар, бұдан былай қаланы еш кедергісіз жылумен қамтуға мол мүмкіндік береді. Қолға алынған құрылыс жұмыстары қала әкімі Ернат Бәзілдің тапсырмасына сай суық түсерден бұрын толық аяқталып, шаһарға жылу уақытылы берілетін болады. Сонымен қатар бүгінде қалада жылумен және ыстық сумен қамтып отырған 10 қазандық жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар қаладағы ең үлкен «Басқуат» жылу қазандығының жүктемесін азайту мақсатында қосымша тағы да оңтүстік-батыс тұрғын үй ауданына жаңа қазандық салу көзделген.
Алайда, атқарылып жатқан жұмыстарға қатысты жергілікті жұрттың өз айтары бар.
– «Жол салу, газ және жылу құбырларын жүргізу ел үшін істеліп жатқан игілігілікті жұмыстар екені сөзсіз. Дегенмен таяқтың екі ұшы барын да ескеру керек. Сол құбырларды жүргңзушілердің салғырттығынан кейде қазылған жер дұрыс жабылмай, көбінде жұртқа кесірін тигізіп жатады. Тіпті, сөздің шыны керек, қазір қаладағы таяу уақытта ғана күрделі жөндеуден өткізілген кейбір көше жолдарының быт-шыты шыққан. Ол дұрыс жасалмаса жазға салым тоң жібігенде шала жабылған жолдар ойылып түсіп, қаладағы көлік қозғалысын қиындатып, жұртты да әбігерге салатыны бар. Мәселен, бұрынғы жылдары тағы да қысқа қарай газ құбырын жүргізушілер келіп, кейбір көшелерді қопарып тастап халықты бұрынғы жолға зар қылып қойды. Олар қазған жерін толық жаппаған. Йә, газ және басқа да құбыр тарту қарапайым халықтың қамы үшін жасалып жатқан жұмыстар екенін біз де түсінеміз. Дегенмен, әркім өз міндетін ойдағыдай орындаса екі жұмыс болмас еді. Бұрын қаладағы кейбір қазылған жерге адам толы қоғамдық көліктер түсіп кетіп, шыға алмай қалған кездер де болған. Жұмысшылар жаңадан салынған жолдарды да аялауы керек қой. Бірін жасаймыз деп, бірін бүлдіріп жатса не пайда? Жерді, жолды қазсын. Бірақ бүлінген жол бұрынғыдай қалпына келтірілуі керек» – дейді қала тұрғындары.
Айдын КӘЛІМХАН





