Англияның Ливерпуль қаласында ересектер арасындағы алғашқы әлем чемпионаты басталды. Дүбірлі бәсекені World Boxing ұйымы ұйымдастырып отыр. Турнирге әлемнің үздік былғары қолғап шеберлерімен бірге Қазақстан құрамасы да қатысуда, деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Жарыстың алғашқы күні рингке екі отандасымыз шығады. Әйелдер арасындағы 54 келіге дейінгі салмақта Элина Базарова өзбек спортшысы Нигина Уктамовамен күш сынасады. Бұл кездесу А рингінде кешкі сессияда өтеді, Қазақстан уақытымен сағат 22:00-де басталуы жоспарланған.
Сол күні 90 келіге дейінгі салмақта Сағындық Тоғамбай да алғашқы айқасын өткізеді. Ол жергілікті боксшы Айзек Окомен жұдырықтасады. Жекпе-жек В рингінде ретінде өтпек.
Барлық кездесулерді жанкүйерлер Qazsport және SPORT+ телеарналарынан тікелей эфирде көре алады.





