Күн сайын оқушыларға тек пәндік білім беріп қана қоймай, оларды азаматтық жауапкершілікке, әділдікке, заңды құрметтеуге, жан-жақты тәрбиелеуге тырысамын. Өйткені мектеп – болашақ қоғамның шағын моделі. Сондықтан елдегі Конституциялық реформалар біз, ұстаздар қауымы үшін, сырттай бақылап отыратын құбылыс емес, тікелей маңызы бар үдеріс.
Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде өзінің құқықтық жүйесін үнемі жетілдіріп келеді. Уақыт өзгерген сайын қоғам да жаңарады. Жаңа буын өсіп, жаңа талаптар қалыптасуда. Осындай кезеңде Ата Заңға енгізілетін өзгерістер – елдің даму бағытын айқындайтын маңызды қадам екені айқын.
Соңғы реформаларда билік тармақтарының арасындағы тепе-теңдікті нығайтуға, азаматтардың саяси үдерістерге қатысу мүмкіндігін кеңейтуге басымдық беріліп келеді. Бұл әділетті, ашық әрі жауапты мемлекет құру жолындағы маңызды бағыт. Алайда кез келген өзгерістің шынайы нәтижесі тек заң мәтінімен өлшенбейді. Ол қоғамның құқықтық мәдениетімен, азаматтардың белсенділігімен айқындалады.
Мектепте біз балаларға «құқық» ұғымын түсіндіргенде, оны «міндет» ұғымымен қатар қоямыз. Себебі еркіндік – жауапкершілікпен ғана құнды. Конституциялық реформа да осы тепе-теңдікті сақтауды көздейді. Азаматтың мүмкіндігі артқан сайын, оның ел алдындағы жауапкершілігі де күшейеді.
Ұстаз ретінде мен реформаның табысты болуы ең алдымен сананың жаңаруына байланысты деп есептеймін. Заңды құрметтейтін, өз елінің тағдырына бейжай қарамайтын ұрпақ тәрбиелеу – біздің басты міндетіміз. Егер ертеңгі жас буын «Мен – осы елдің жауапты азаматымын» деп сеніммен айта алса, онда кез келген конституциялық өзгерістің маңызы арта түседі.
Алтын ЖОМАРТОВА,
С. Мұратбеков атындағы
№9 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті
пәнінің мұғалімі
Талдықорған қаласы





