Нұрасыл Тұрсынның отбасында өзінен басқа ешкім сурет салумен айналыспайды. Ал жеткіншектің бұл өнерге деген құлшынысы бөлек. Ол ішкі қызығушылығының арқасында түрлі бейнелерді түпкі нұсқасынан айнытпай бедерлейді. Ерекшелігі жас өрен қылқаламмен немесе түрлі түсті бояу қарындашпен сурет салмайды.
Нұрасыл кез келген бейнені бормен тақтаға бейнелеудің шебері. Оның бұл қырын әуелі ұстаздары байқаған. Сабақ арасындағы үзіліс кезінде пән оқытушысы оушысының тақтаға гүлдің суретін салғанын көреді. Шәкіртінен тағы басқа ненің кескінін суреттей аласың дегенде өнерлі жас адамның, көліктің сан түрлерін, мультфильм кейіпкерлерін, жан-жануарды бейнелеп берген екен. Жеткіншектің бұл ісіне сыныптастары да таң қалысқан көрінеді.
– Мен сурет салуды ешкімнен үйренбедім. Ең бірінші суреттерді қаламсаппен дәптердің бетіне түсіріп жүрдім. Кейіннен бормен жұмыс істеп көріп едім, жақсы нәтиже шықты. Басында оған өзімде қуандым. Қазір бойым үйренген соң өзіме ұнаған құбылысты бейнелей беретін болдым, – дейді жас суретші.
Нұрасылдың арманы болашақта ұшқыш болу. Сурет өнері хобби болып қала беретінін айтады. Ауыл баласының өмір мен өнер жолының ашық болуына бізде тілектеспіз.
Медет Жұмабай





