Оларды көшеде кездестірсеңіз қарапайым еңбек адамы деп ойлауыңыз әбден мүмкін. Себебі, олар артық мақтанды, ерекше көңіл аударуды аса қажет етпейді. Шындығында көпшіліктің құрметіне лайық ондай жандар жылына бір рет өздерінің соғыс көргенін еске алып, атаулы күнді атап өтеді. Ауған соғысының ардагерлері бүгінде жас ұрпақ тәрбиесіне белсене қатысып, отаншылдық рухта тәлім беруде.
Талдықорғандағы Мәңгілік алау мен Ауған соғысына қатысушыларға арналған обелискіге гүл шоқтарын қойған ардагерлер жастай өлім құшқан боздақтарды бір минуттық үнсіздікпен еске алды. Одан соң Қазақстан Республикасының Гимнін бірлесе шырқап, бүгінгідей бейбіт өмірге шүкіршілік танытты.
– Ауған соғысына Жетісу жерінен 3601 адам қатысқан болса, қазір солардың 2500-ге жуығы облыс көлемінде тұрып жатыр. Олардың бәрі де 18-20 жастағы жап-жас жігіттер болатын, – деген облыстық соғыс және әскери қызмет ардагерлері қауымдастығы үйлестіру кеңесінің төрағасы Ержан Данабеков Ауған соғысының ардагерлеріне көрсетіліп отырған құрметтің қандай деңгейде екендігіне тоқталды. – Бүгін жат жерде жүріп, қаза тапқан боздақтардың рухына тағзым етіп, гүл шоқтарын қоюға жиналып отырмыз. Бұл, бір жағынан, өскелең ұрпаққа па- триоттық тәрбие беруге септігін тигізеді. Бүгінгі күнді біз өзара «мейрам» деп атаймыз. Өйткені, дәл осы күні Кеңес одағының әскері Ауған жерінен шығарылған болатын. Сол соғыстың біткеніне, міне, 29 жыл толып отыр. Келер жылы 30 жылдық. Ол тек Қазақстандағы ғана емес, күллі ТМД елдеріндегі Ауған соғысының ардагерлері үшін атаулы күн. Құдайға шүкір, қазір Ауған ардагерлеріне мемлекет тарапынан әлеуметтік қолдаулар көрсетіліп тұрады. Сұм соғыстан мүгедек болып оралғандар санатына байланысты жәрдемақы алады. Одан бөлек, бізге ай сайын 14500 теңге көлемінде өтемақы беріледі. Жылына бір рет облыс әкімінің көмегі ретінде алатын 50 мың теңгеміз тағы бар. Автокөлік пен үйге салынатын салықтан босатылғанбыз. Сондай қолдау көріп отырғанымызды айта аламыз. Ауған соғысы ардагерлерінің бастары аман, дендері сау болсын! Немере, шөберелер біз көрген соғысты көрмесін!
Жауған қарға қарамастан Мәңгілік алау мен Ауған соғысына қатысушыларға арналған обелискіге гүл шоқтарын қойған көпшілік қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің ғимаратындағы мәжіліс залында концерттік бағдарламаны тамашалады.
Мәди АЛЖАНБАЙ





