29 қыркүйек – Дүниежүзілік жүрек күні. Оның мақсаты – жүрек пен қан тамырлары саулығының маңыздылығын еске салу, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Бұл дата алғаш рет 2000 жылы Дүниежүзілік жүрек федерациясының бастамасымен бекітіліп, бастапқыда қыркүйектің соңғы жексенбісінде аталып өтсе, 2011 жылдан бері 29 қыркүйек тұрақты күн ретінде белгіленді. Мақсат – жүрек ауруларының алдын алу және қоғам назарын оның қауіптілігіне аудару.
Жүрек-қан тамырлары аурулары әлемдегі ең көп өлім-жітімге себеп болып отыр. Жыл сайын 18,6 миллионнан астам адам осы дерттен көз жұмады. Бұл – барлық өлімнің үштен бірі. Бейресми деректерге сәйкес, қазір дүниежүзінде 520 миллионнан астам адам жүрек ауруымен өмір сүріп жатыр. Оның ішінде өлімнің 75%-ы дамушы елдерге тиесілі.
Қазақстанда да бұл мәселе өткір. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, жыл сайын 30–32 мың адам жүрек ауруынан қайтыс болады. Қан айналым жүйесінің сырқаттары барлық өлім-жітімнің шамамен жартысына жуығын құрайды. Соңғы жылдары инфаркт пен инсульттің жасаруы байқалып, 30–40 жастағы азаматтар арасында жиі тіркелуде.
Елімізде жүрек ауруларын емдеуге арналған жоғары технологиялық орталықтар жұмыс істейді. 2012 жылы Қазақстанда алғаш рет жүрек трансплантациясы жасалды. Қазір Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларындағы клиникаларда жылына мыңдаған ота жасалып, жүрекке стенд қою, аортокоронарлық шунттау, жасанды қақпақша орнату сияқты заманауи емдеу тәсілдері қолжетімді.
Дәрігерлер жүрек саулығын сақтау үшін мына қарапайым ережелерді ұстануды ұсынады:
-
Күніне кемінде 10 мың қадам немесе 30 минут белсенді қозғалыс жасау;
-
Майлы, тұзды тағамды азайтып, көкөніс пен жемісті көбірек тұтыну;
-
Темекіден бас тарту, себебі ол жүрек ауруы қаупін екі есе арттырады;
-
Қан қысымы мен холестеринді бақылап, уақытылы медициналық тексеруден өту;
-
Күйзелісті азайтып, ұйқыны қалыпқа келтіру.
Мамандар жүрек ауруларының жастар арасында жиілеуін алаңдататын құбылыс деп санайды. Қозғалыстың аздығы, гаджетке тәуелділік пен фастфудқа әуестік жас буынның денсаулығына кері әсер етуде. Сондықтан Дүниежүзілік жүрек күні жастарға да маңызды ескерту жасайды: ерте жастан дұрыс өмір салтын қалыптастыру – болашақтағы денсаулық кепілі.
Жүрек – адам өмірінің ең қымбат қазынасы. Оны қорғау – әркімнің өз қолында. Дүниежүзілік жүрек күні – жай мереке емес, әрбір адамға арналған ортақ үндеу.





