Талғар қаласының экс-әкімі Арыстанбек Әбілқайырұлы қызметінен кеткеннен кейін такси жүргізушісі болып нәпақа тауып жүр. Бұл туралы ол YouTube арналарының біріне берген сұхбатында ашық айтты, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы Tengrinews сайтына сілтеме жасап.
Бұрынғы шенеунік жалдамалы көлікті тізгіндеп, күні-түні жұмыс істеуге мәжбүр.
«Маған үйде жай ғана отыру ұят. Отбасын асыру керек. Бізде: «Есектің артын жусаң да, ақша тап» дейді ғой. Сондықтан қазір таксист болып жұмыс істеймін. Күні-түні жүремін. Түнгі сағат 3-ке дейін жұмыс істейтін кездерім болады. Күніне 18 500 тенге жоспар өткізуім керек», – дейді Арыстанбек Әбілқайырұлы.
Экс-әкімнің қызметтен кетуіне негізгі себеп ретінде денсаулығының сыр беруі айтылды. Ол әкесінің қазасынан кейін қатты күйзеліске түскенін жасырмады.
«Екі жыл бұрын әкем қайтыс болды. Бұл маған қатты әсер етті, өйткені отбасында жалғыз қалдым, барлық жауапкершілік маған жүктелді. Оның өлімі үлкен стресс болды», – деп ағынан жарылды бұрынғы басшы.
Кардиологиялық орталықта тексерілгенде, дәрігерлер оның жүрек тұсында ақаулар барын анықтаған. Экс-шенеунік Талғар сияқты 100 мыңнан астам халқы бар қаланы басқару оңайға соқпағанын айтады: «Мен үлкен жауапкершілікті мойныма алдым. Бірақ Талғарда түрлі мәселелер көп, бұл менің денсаулығыма және жүйке жүйеме қатты әсер етті».
Бүгінде төрт бала тәрбиелеп отырған әке ретінде Арыстанбек Әбілқайырұлы адал еңбектен қашпайтынын дәлелдеп отыр. Дегенмен, ол мемлекеттік қызметке қайта оралу мүмкіндігін де жоққа шығармайды.
«Егер маған тағы бір мүмкіндік, халықпен жұмыс істеуге тағы бір жол берілсе, мен өз жұмысымды бұрынғыдан да жақсырақ істеуге тырысар едім», – деп түйіндеді ол.
Бұл оқиға қоғамда түрлі пікір тудырды. Экс-әкімнің әрекеті кез келген жұмыстың қадірлі екенін көрсетсе керек.





