Вандализм – тас пен темірге емес, тұтас мәдениетке жасалған қастандық. Өкінішке қарай қоғамда мемлекет меншігіне немқұрайды қарап, тарихи-мәдени ескерткіштерді қирататындар көбейіп кетті.
Вандализмнің көріністері сан қилы. Бірақ, олардың бәрі қоғамға зиян келтірумен ұштасады. Десе де аталған әрекеттерге баратындардың көптігі қоғамдық сананың жоқтығымен тығыз байланысты. Агрессия, шарасыздық пен жұмыссыздықтың салдары осыған әкеп соқтырады. Өңірімізде қираған аялдама мен ескерткіш көп. Бүтінді бүлдірген бұзақылардың бұл ісіне мамандар да алаңдаулы.
– Талдықорған аумағында жергілікті маңызы бар 30-ға жуық ескерткіш бар. Жасырары жоқ, сыртта орнатылған ескерткіштер қирап жатады. Бұзақылардың басым бөлігі жастар екені анық. 2025 жылы Ауған соғысында қаза болған жерлестеріміздің есімі жазылған ескерткіштерді бүлдіріп, сындырып кетті. Жыл сайын біздің тарапымыздан жөндеу жұмыстары жүргізілсе де жас буынның тәрбие, түсінігінің аздығынан мемлекет мүлкі қирап жатады. Ең өкініштісі, маңызы бар ескерткіштерді ойына келгенше бояп, бүлдіріп, сындырып, тіпті айналасына қоқыстарын тастап, ластап кету күн санап көбеюде. Оған қайта тазалап, жаңғыртуға мемлекеттен қаншама қаржы кетеді?! Ол басқа емес ата-анасының ақшасы, халықтың маңдай тері. Біз осыны түсіндіре алмай келеміз, – дейді Талдықорған қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Әділ Исаханұлы.
Жер жаннаты Жетісудың кіндік шаһарының әр бұрышында бейнекамера бар. Ал бейнебақылау орнатылмаған кейбір аудан, ауылдардағы тарихи жәдігерлер мен мемлекет мүлкінің жағдайы тіпті нашар. Осындайда Қадыр Мырза Әлінің: «Кімді аяйды есіргендер, қызғандар?! Қасиетті ұғымдарды сызғандар. Бәрін, бәрін, барлығын да бұзады, Бақилардың тыныштығын бұзғандар!» деген өлеңі еріксіз еске түседі.
Біз, Мағжан атамыз сенген елдің ұрпақтары тарихи жәдігерлерімізді бүлдірмей, керісінше, қорғап жүруіміз керек. Болашақ жастардың қолында. Сондықтан елімізді қастерлейтін де, гүлдендіретін, түрлендіретін де біз, жастар екенін ұмытпайық.
Назгүл САДАҚБАЙ,
ЖУ 3-курс студенті





