Женева қаласында Біріккен Ұлттар Ұйымының Еуропалық экономикалық комиссиясы жанындағы Ішкі көлік комитетінің кезекті 88-сессиясы өз жұмысын бастады. Дүниежүзілік деңгейдегі маңызды жиынға Көлік вице-министрі Талғат Ластаев бастаған отандық делегация қатысып, еліміздің транзиттік әлеуетін паш етті, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Халықаралық іс-шараға БҰҰ басшылығы, әлем елдерінің көлік саласына жауапты басшылары мен ірі логистикалық ұйым өкілдері жиналды. Министрлік сегмент аясында өткен «Болашақ ішкі көлік үшін инновацияларды ынталандыру» атты талқылауда Қазақстанның стратегиялық бағыттары айқындалды. Вице-министр Талғат Ластаев өз баяндамасында жаһандық жеткізу тізбектерінің тұрақтылығын қамтамасыз етудегі мемлекеттің рөліне тоқталды. Орталық Азия мен Еуропаны байланыстыратын алтын көпір ретінде Қазақстан инфрақұрылымды жаңғырту мен цифрлық трансформацияға басымдық беріп отырғанын жеткізді.
Инновациялық технологиялар мен ұшқышсыз көлік жүйелерін енгізу мәселесі сессияның басты тақырыптарының біріне айналды. Қазақстан тарапы бұл бағыттағы нақты нәтижелер мен алдағы жоспарларды таныстырды. Заманауи шешімдер жүк тасымалының жылдамдығын арттырып, шығындарды азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар цифрлық форматқа көшу халықаралық саудадағы кедергілерді жоюдың тиімді құралы екені аталды.
Сапар барысында маңызды екіжақты кездесулер сериясы өтті. Атап айтқанда, БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясы атқарушы хатшысының орынбасары Дмитрий Марьясинмен ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланды. Бұған қоса, Халықаралық автомобиль көлігі одағы, ТРАСЕКА және әлемдегі ең ірі логистикалық компаниялардың бірі – Mediterranean Shipping Company (MSC) өкілдерімен келіссөздер жүргізілді. MSC Air Cargo басшылығымен өткен кездесуде әуе тасымалы саласындағы бірлескен жобалар сөз болды.
Форум қатысушылары Орталық Азия, Еуропа және Солтүстік Америка өңірлері арасындағы әріптестікті кеңейтуге мүдделі екенін растады. Ішкі көлік комитеті жаһандық деңгейдегі ынтымақтастықтың бірегей алаңы ретінде өз маңызын тағы бір мәрте дәлелдеді. Жиын қорытындысы бойынша қабылданған шешімдер еліміздің көлік-логистикалық хаб ретіндегі позициясын нығайтып, жаңа инвестициялардың келуіне жол ашпақ.





