Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл Әбдіқадір Дайыров көшесінің бойындағы кәсіпкерлермен кездесіп, алдағы ауқымды жөндеу жұмыстарының жоспарымен таныстырды. Бұл жолы қала басшысы құр уәдемен шектелмей, нақты схемалар мен мерзімдерді белгілеп берді.
Кездесудің басты тақырыбы – көше бойындағы заңсыз орнатылған нысандар болды. Шаһар басшысы кәсіпкерлерге қызыл сызықтан асып кеткен дүкендер мен қосалқы құрылыстарды 1 сәуірге дейін өз еріктерімен сүруді тапсырды.
«Егер заңсыз нысандарды уақытында алып тастасаңыздар, біз бірден арық жүйесін жөндеуге кірісеміз. Одан кейін сапалы жол салып береміз», – деді Ернат Бәзіл.
Сондай-ақ аймақ басшысы кәсіпкерлерге 1 сәуірге дейін орталық канализация жүйесіне қосылып алу қажеттігін де қатаң ескертті. Кездесуге қатысқан қалалық сәулет бөлімінің басшысы Данияр Болатбекұлы бекітілген схемаларды әрбір кәсіпкерге жеке таныстырып, қай жерде бұзу жұмыстары жүру керектігін көрсетті.
Тұрғындар мен саудагерлерді толғандырған тағы бір мәселе – автотұрақ пен жол қозғалысы. Әкім бұл мәселеге қатысты оңтайлы шешім ұсынды, көлік қозғалысына толық шектеу қоймай, жолдың екі жағына сары жолақ сызу арқылы тоқтау уақытын 15-20 минутқа дейін шектеу. Бұл шара тұтынушыларға қолайлы жағдай жасап, кептелісті азайтуға септігін тигізбек.
Дайыров көшесіндегі ретсіз, жабайы саудаға нүкте қойылатыны кесіп айтылды. Бұл аймақта рұқсатсыз сауда жасауға бұдан былай жол берілмейді.
Жиын соңында саудагерлер қала әкімінің нақты жоспарына ризашылықтарын білдірді. Ашық диалог пен ортақ мәмілеге келген тараптар естелікке суретке түсіп, көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.
Осы кездесу қала билігі мен кәсіпкерлер арасындағы сенімді нығайтып, Талдықорғанның ең белсенді көшелерінің бірін заманауи кейіпке енгізуге жасалған маңызды қадам болды.
Арайлым Әбілғазы,
ЖУ студенді





