Саналы ғұмырында еңбектің тауын тұрғызып, халқына өлшеусіз қызмет еткен, «Дала академигі» атанып, елін сүйсіндірген нар тұлға Нұрмолда Алдабергеновтің биыл 120 жылдығы. Еңбек жолын Түріксіб теміржол құрылысында жұмысшы болып бастап, қос майданда, Екінші дүниежүзілік соғыста һәм еңбек майданында ысылып, Жетісу топырағындағы аядай ауылды әлем сүйсінетін елді мекенге айналдырған осынау тұлғаның тағдыры да талайлы еді. Ескелді ауданындағы Нұрмолда Алдабергенов ауылында көнтерідей көнбіс, қайыспас қайсарлығының арқасында қамшыдай қысқа ғұмырында өшпес із қалдырған арда азаматтың еңбегін саралаған ғылыми-мерейтойлық конференция өтті. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Диас Есдәулетов және өңірдің зиялы қауым өкілдері қатысып, тарихи тұлғаның ғұмыр жолын тәпсірледі. Еселі еңбегін өскелең ұрпаққа насихаттады.
Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, еңбек озаты Нұрмолда Алдабергеновтің өмірі мен еңбек жолын зерделеу, сондай-ақ тұлғаның өнегелі жолын кейінгі ұрпаққа жеткізуді мақсат еткен жиынның алғысөзіне Диас Есдәулетов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатымен бастады. Мұнан соң, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері жайында пайымды пікірін білдірді.
Нұрмолда Алдабергенов еңбекті ұйымдастырудың озық үлгісін қалыптастырып, шаруашылықты жаңа деңгейге көтерді. Егіншілікті жандандырып, мал тұқымын асылдандыруға, ғылым мен озық тәжірибені өндіріске енгізуге ерекше мән берді. Оның басшылығымен шаруашылықтарда еңбек өнімділігі артып, қант қызылшасынан жоғары көрсеткіштерге қол жеткізілді. Еңбек ерінің өмір жолына қарасақ, оның жетістігінің түп негізінде ең алдымен адал қызмет, елге деген жанашырлық, туған жерге деген жауапкершілік жатқанын көреміз. Тау тұлғаның өмірі мен еңбек тәжірибесі бүгінгі қоғам үшін де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Оның есімін ұлықтау арқылы біз жас ұрпақтың бойына еңбекқорлық, отансүйгіштік, туған жерге деген жауапкершілік қасиеттерін сіңіре-міз, – деді Диас Рахметұлы.
Мұнан соң шараға қатысушылар талайлы тағдыр иесі турасында деректі фильм тамашалады. «Жетісу» телеарнасы даярлаған туынды өмірдің ащы-тұщысын жастайынан тартқан, малшы да, жалшы да болды, білек күшін бұлдамай, кетпен-күрек көтерді, қиын-қыстау заманда қолына қару алып, қан майданға да барып, қанша сынға түссе де мұқалуды білмеген, қиындықта шыңдалып, еңбегімен ерлеген Нұрмолда Алдабергеновтің болмысын суреттеп қана қойған жоқ. Сол уақытта қазақы тұрмысқа енгізген жаңалығы мен ауыл халқының тұрмысын түзеуге ұмтылған еңбегін екшейді. Ұрпаққа өнеге етеді, үлгі қылады.
Конференцияда сөз тізгінін тартқан қоғам қайраткері, ғалым, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Тынышбай Досымбеков бала Нұрмолдадан бастап, «Дала академигі Нұрмолдаға» дейінгі ғұмыр жолды баян етті. Айтуынша, «қолында табақтай дипломы болмаса да» тағдыр тәлкегіне мойымай, адам болу қағидасын бұлжытпай орындаған азаматтың ғұмырынан әрбір ұрпақ үлгі алуы тиіс. Еңбек етуді және сол еңбекті жемісті етуде тау тұлға аянып қалмаған. Ұлт қасиеттісін қастерлеуді де, өзгелердің оған құрметпен қарауын да қамтамасыз етті. Онысы КСРО билігіне жақпай, қызыл империя билігін тізгіндегендердің қыңыр саясатына ұласты. Екі мәрте еңбек ері оған да мұқалмады. Ел қатарлы екі қолға бір сайман алып, тер төкті. Мұндай қайсарлығын кейінгі буын тәлім-тәрбие көзі етуі тиіс екенін жеткізді спикер.
Уақытында Н. Алдабергеновтің қайратты тірлігіне қызғаныш та болмады емес. Сондай іштарлықтың нәтижесінде Қазақстанды Юсупов басқарып тұрғанда адал еңбектің өрістеуіне балта шабылып, екі мәрте Еңбек Ері қызметтен тайдырылады. Алайда, қара түнектен жер жүзіне сәулесін шаша шыққан күндей болған Дінмұхамед Қонаев ел тізгінін ұстағанда Н. Алдабергенов Мұқыры ұжымшарына басшылық қызметке тағайындалады. Бұл ауылды бар-жоғы бір жарым жыл ішінде гүлдендіріп, бағын ашқан еді. Осындай еселі еңбегі мен қайсарлығы әрбір жасқа үлгі болуы тиіс, – деді Тынышбай Досымбеков.
Жиында ғалым сөзін еңбек ардагері Шайбала Тергеуова қуаттады. Бала күнгі естелігін тәпсірлеген ақжаулықты ананың айтуынша, үш күн қатарынан колхоздың жалпы жиналысы өтіп, колхоз мүшелері шағымданушыларға қарсы шығып, «Нұрмолданы бастықтық қызметінен кетірмейміз» деп отырып алыпты. Төртінші күні өткен жиналыста партияның нұсқауы орындалмай қоймайтынын сезген болуы керек, Нұрмолда Алдабергенов өз еркімен жұмыстан босату туралы арызын беріп, колхозшыларды дауыс беруге көндіріпті. Н. Хрущевтің әмірі солай жүзеге асқан екен.
Ал облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт «Дала академигі» айтыпты» деген тағылымды әңгімелерге тоқталды. Сонымен қатар еңбек ерінің атындағы ауылдағы әрбір әлеуметтік және ауыл шаруашылық ғимаратта Нұрмолда Алдабергеновтың қолтаңбасы қалғанын жеткізді. Ескелді ауданының Құрметті азаматы Төлеген Мұсапиров адами болмысы туралы таразылады.
«Халық айтса, қалып айтпайды» деген бар. Халық ағамыздың өте кең- пейілді, адамгершілігі мол, айналасына қамқорлықпен қарайтын кісі болғанын жиі еске түсіреді. Кейде адамдар өзіне реніш білдіріп, тіпті орынсыз сөз айтып, үстінен арыз жазған кездер де болған. Бірақ Нұрмолда Алдабергенов ондайларға бола ашуланып, кек сақтамаған. Қайта сабырлылық танытып, бәріне түсіністікпен қараған. Біреулер кейіннен де түрлі сөз айтып, орынсыз айыптаған кездер болғанымен ол кісі ешкімнің сағын сындырмаған, ауыр сөз айтпаған. Оның осындай кеңдігі мен кісілігіне қарап, адамға деген құрметін, ешкімді алаламайтын мінезін түсінуге болады. Ол айналасындағы адамдарды аялап, қолдан келгенше қамқорлығын көрсеткен. Сондықтан да Нұрмолда Алдабергеновті ел-жұрт кең жүректі, сабырлы, адамды қадірлей білетін тұлға ретінде еске алады, – деді спикер.
«Дала академигінің» қызы Рабиға Алдабергенова қасиеттерді ел ішінде болған түрлі оқиғалардан бүгінгі буын аңғару керегін алға тартты. Айтуынша, өзімен замандастарға айтқан көп әңгімесі бүгінгі тұрмысқа бастаушы болған. «Өздерің болмасаңдар да балаларың кең көсілсін» деген сөзі оның ұрпаққа жанашырлығын аңғартады. Рабиға Нұрмолдақызы көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, еңбек озаты Нұрмолда Алдабергеновті еске алып, ауқымды шара ұйымдастыруға мұрындық болған облыс басшылығына да ризашылығын жеткізді.
Шынын да «Дала академигінің» 120 жылдығына арналған ғылыми-мерейтойлық конференция тек естелік айтумен өткен жоқ. Ауыл шаруашылық өнімдеріне арналған жәрмеңкеге, аудан өнерпаздарының ән кешіне, екі мәрте Еңбек ерінің рухына Құран бағыштаған асқа ұласты.
Дастанбек САДЫҚ





