Жазиралы Жаркент өңірінің диқандары жаз бойы төккен маңдай терінің жемісін көруге ниетті. Олардың басты тілегі – «дала аруы» атанған жүгерінің дәнін дер кезінде жинап, кептіріп, тиімді бағада өткізу.
Ауа райының қолайсыздығы, қажетті кезеңде жауынның аз түсуі, құрғақшылық егіншілерге оңай тиген жоқ. Соған қарамастан диқандар ағын суды үнемдеп пайдаланып, қосымша суару арқылы егістікті сақтап қалды. Нәтижесінде күннің ыстығы мен ылғалды жақсы көретін жүгері жылдағыдай бітік шықты.
Биыл Жаркент диқандары 23 мың гектардан астам жерге жүгерінің әртүрлі сұрыптарын еккен. Қыркүйектің орта шенінде-ақ ерте пісетін сорттарды ору басталып, қазан айының басына дейін 9 мың гектардан астам алқаптағы өнім қырманға жеткізілді.
Алайда «Жон Дир» комбайнымен тікелей орып алынған дәннің ылғалдылығы жоғары болғандықтан, қабылдау орындары төлемді төмендетеді. Сол себепті шаруалар алдымен қырманға түсіріп, күннің жылуымен кептіріп барып сатуды тиімді көруде.
Еңбегін ерте ұйымдастырғандар өнімін өткізіп те үлгерген. Жаңа ашылған «Жаркент жүгері» ЖШС шаруалардан 8749 тонна дән қабылдаса, «SSA Feed Mills» құрамажем зауыты 14 мың тоннадан астам жүгері сатып алған.
Биыл жүгері бағасы әдеттегіден әлдеқайда жоғары. Сарапшылар мұны жүгері алқаптарының 3-4 мың гектарға кемуімен және сатып алушылар қатарының көбеюімен байланыстырады. Қазірдің өзінде Жаркентте 4-5 ірі кәсіпорын дән қабылдаумен айналысады. Оның ішінде тәулігіне 120 тонна дән кептіретін «Жаркент жүгері» ЖШС мен жылына 150 мың тонна өнім өңдейтін «Жаркент крахмал-сірне» зауыты ерекше аталады. Осы кәсіпорындардың көбеюі – жергілікті шаруалардың еңбегінің еш кетпеуінің кепілі.
Мырзағали НҰРСЕЙІТ





