19 қыркүйектен бастап еліміздің барлық өңірінде апта сайын өтетін «Дала дәмі» ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері жұмысын бастады.
ҚР Сауда және интеграция министрлігінде атап өткендей, Астана мен Алматы қалаларында отандық фермерлердің өнімдері әр демалыс сайын, ал өңірлерде әр сенбі сайын саудаға шығарылады. Осы демалыс күндері ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі облысымызда да өтті. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Сұңқар Сәрсебайдың айтуынша, жәрмеңкеге 200-ге жуық шаруа қожалығы қатысқан.
– Фермерлер 150 тоннаға жуық ауыл шаруашылығы өнімдерін ұсынды. Олардың қатарында көкөніс, жеміс-жидек, ет, балық, бал, сүт өнімдері мен нан-тоқаш түрлері бар. Айта кетерлігі, мұндағы азық-түлік тауарларының бағасы нарықтағыдан 15 пайызға төмен. Жалпы, «Дала дәмі» акциясы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қолдауға және азық-түлік өнімдерінің нарықтағы бағасын тұрақтандыруға бағытталған, – дейді Сұңқар Сәрсебай.
Жексенбі күні аудандардан келген өндірушілер өз өнімдерін Талдықорған қаласының орталығында, Абай және Гаухар ана көшелерінің қиылысында орналасқан жаңа базардағы сауда сөрелеріне де шығарды. Қалалық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Жанат Шаяхметовтың айтуынша, барлық өнім делдалсыз, тікелей фермерлердің өздері тарапынан саудаланды.
– Жергілікті ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне жәрмеңкеде сауда орындары тегін берілді. Бұл фермерлерге өз өнімдерін тұтынушыларға тікелей сатуға мүмкіндік берді. Ал тұрғындар маусымдық өнімдерді қолжетімді бағамен сатып алуға мүмкіндік алды. Жәрмеңке «Дала дәмі» акциясы аясында ұйымдастырылды. Мұны осында арнайы қойылған көрмеден де көруге болады. Сонымен бірге бұл шараны 26 қыр-күйекте өтетін Қала күніне орайластырдық, – деді бөлім басшысы.
Осы уақытта жәрмеңкедегі сауда сөрелерін аралаған қала тұрғындары жақын маңдағы базарға барып, қайта айналып келіп, көкөніс пен жеміс-жидекті нарықтағыдан төмен бағамен сатып алып жатты.
– Базарда тәтті бұрыштың бағасы – 300 теңге, ал жартылай ащы бұрыш 600 теңге және одан да жоғары тұрады. Мұнда қайта келіп, бұл көкөністерді 200 және 500 теңгеден, сонымен бірге баялды мен сарымсақ алдым. Мұның бәрі қысқа дайындықтың қамы. Жәрмеңкенің қала орталығында өткені жақсы болды. Біз осы маңайда тұрамыз, сондықтан алысқа барудың қажеті жоқ. Бұл да қала тұрғындарына жасалған қамқорлықтың бір түрі, – дейді зейнеткер Надежда Смирнова.
Мүмкіндікті пайдалана отырып, Жанат Шаяхметов жаңа базардағы кәсіпкерлерге арналған сауда орындарының алғашқы 3 айда тегін берілетінін де еске салды. Сондықтан жәрмеңкеге ниетті кәсіпкер азаматтар өтініш білдіре алады.
Айгүл БАЙБОСЫН





