Кәсіпкер келіншек жұмысын өте жақсы көреді. Өйткені бұл іспен оның отбасы да шұғылданған. Елена өткен күндерді сағынышпен еске алды. Айтуынша, бала кезінен өсімдіктерге қызығушылығы оянып, жаз мезгілінде әжесімен бірге шөп түрлерін жинап, кептіруге көмектескен. Кішкентай қыз үшін бұл жай ғана іс емес, алдағы күндерге үлкен дайындық қадамы болды. Жабайы гүлдердің иісі, күннің жылуы, табиғаттың әдемілігі, бәрі жақындарының денсаулығына қамқорлық жасауға негіз қалады.
Бүгінде Еленаның шөп жинаумен шұғылданып жүргеніне 30 жылға жуықтаса, өсірумен айналысқанына 10 жыл. Нәтижесінде Сарқан аудандық кәсіпкерлер палатасы филиалының көмегімен 10 гектар жер теліміне қол жеткізді. Қазір бұл жерде дәрілік шөптер мен жалбыз, түймедақ, итмұрын, таңқурай, құлпынай, қарақат сияқты жеміс-жидек түрлері өсіріледі. Кәсіпкер өсімдік өсіруде химиялық тыңайтқыштарды қолданудан бас тартқан. Барлық өнім қолмен жиналады. Ол өнімнің табиғи құндылығы мен тазалығын сақтауға мүмкіндік береді. Кәсіпкер «Бір ауыл – бір өнім» жобасына алғаш рет 2023 жылы қатысып, шөп шайларының өзіндік желісін құруды бастады.
– Жобаға қатысқаннан кейін менде емдік шөптерден шай жасау туралы ой пайда болды. Сөйтіп, келесі көрмеге дайындалып, ойдағыны жүзеге асыруға бел байладым. Биыл жобаға қайта қатысып, жартылай финалының жеңімпаздардың қатарынан көрініп, үлкен қуанышқа кенелдім, – дейді кәсіпкер.
Қазір ол шайдың дәмді әрі хош иісті болуына ерекше назар аударады. Әрбір шай сусыны өсімдіктер туралы терең білімге, шығармашылыққа, табиғилыққа ұмтылысты растайды. Облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Дәурен Оңалбаев мұндай жобалардың өңір үшін маңызды орын алатынын, Елена Бричковская сияқты кәсіпкерлер шығарған табиғи өнімдердің үлкен сұранысқа ие екенін және олар экологиялық таза, бәсекеге қабілетті өндіріс құруға мүмкіндік беретінін әңгіме етті. Бұл кәсіпкерлер үшін жаңа белестерді бағындыру ғана емес, сондай-ақ, өңір экономикасын дамытып, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтуға жол ашатын зор мүмкіндік.
Елена Бричковскаяның қолға алған ісі кәсіпке деген адалдық пен сүйіспеншілікті білдіреді. Ал кәсіпкерлік бастамаларға қатысу жергілікті ресурстар мен дәстүрлерге негізделген тұрақты бизнесті қалай құруға болатынын айқындайтын мысал. Осылайша кәсіпкердің өндірген өнімдері бүгінде адамдардың денсаулығын қорғап, нығайтуға пайдасын тигізуде.
Айгүл БАЙБОСЫНОВА





