Бұл күні балалар ойын ойнаудан қалып барады. Қандай ойын ойнайтындарын да білмейді. Мұның соңы жақсылыққа апарып жатқан жоқ. Оған себеп қолдағы қалта телефоны. Ата-ана ұялы байланысқа шектеу қоймаса ұл-қыздарының арандап қалу қаупі жоғары.
Бірнеше күннен бері ұстаздар қауымы ескерту жасап шырылдауда. Мектеп әкімшілігі балаларды қауіпке итермелейтін ойындардың түрлі жарақаттарға әкелуі мүмкін екенін айтып бәйек қағып жүр. Мобильді қосымшаларда жасырылған шағын ойындар оқушылардың санасын улауда. Миға сыймайтын, көңілге қонымсыз тапсырмалар беріп, орындауларын талап етуде. Бұған сіздің де дау айтарыңыз һақ. Мұның дер кезінде алдын алмаса соңы қайғылы жағдайға алып баруы ықтимал.
«Қандай тапсырмалар?» деген сауал туындаған шығар көңіліңізде. Оқып көрсеңіз сіз де еріксіз тыжырынасыз. Осы айтылған талаптарды бала психикасы көтермейтіні анық. «Терезеден шығып қаш», «Үйдің шатырына шығып секір», «Көліктің астына түс» деген тапсырмалары бар мобильдік ойындар қазіргі уақытта көптеген жеткіншек телефондарына жүктелген қосымшаларда бар.
Ол қосымшалардағы ойындар «Тихий дом», «Разбуди меня в 4:20», «Море китов», «Синий кит», «Красный дельфин», «Млечный путь», «U19», «F57», «SchoolBoy», «RunaWay –Stealth» деп аталады. Сондай-ақ, бұл ойындар ең қауіптісі. Мұндай атаудағы бәлекеттердің тағы да басқа сан түрі бар. Сіздер осылардан сақ болу керексіздер. Мейлінше балалардың қалта телефондарын тексеріп, аталған ойын түрлері бар болса өшіріп, келесіде ойнамауға қатаң ескерту бергендеріңіз дұрыс.
Осы тұрғыда психолог мамандар баланың мінез-құлқында қандай өзгерістер барын бақылауға, ойыннан соң ол ашушаң әрі тұйық бола бастаса, ойнап жүрген ойындарына назар аударуға және тыйым салуға шақырады. Сонымен қатар, оның сыни ойлауын дамытып, ойын мазмұнын талдауға үйреткен жөн екенін, ойындарда көрсетілгеннің бәрі шынайы өмірде бола бермейтінін түсіндіруге үндейді.
Айта кетейік, қауіп-қатердің алдын алу үшін баланың ойындарға шектен тыс қызығушылығы артпас үшін уақытпен шектеу қою маңызды. Үнемі контентті бақылауға алған жөн.
Ұстаздардың жасаған ескертуіне құлақ асып, қауіптің алдын алу баршаға міндет. Мобильді ойындар дендеген дертке айналып кетпей тұрғанда дер кезінде қарекет етейік.
Медет ЖҰМАБАЙ
Фото: brestcity.com





