Қазақстандағы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінде айтарлықтай теңгерімсіздік байқалады. Шығындар жыл сайын артып отырғанымен, көрсетілетін қызметтің тиімділігі халықтың күткен деңгейінен төмен болып қалуда. Сарапшылардың бағалауынша, бөлінген қаражаттың 10%-ға жуығы тиімсіз жұмсалуы мүмкін. Осыған байланысты елде МӘМС 2.0 моделін қайта іске қосу жұмыстары басталып кетті, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Бүгінгі таңда сақтандыру жүйесінде бірнеше түйткілді мәселе жинақталған. Атап айтсақ, емханалардағы ұзын-сонар кезектер, тар бейінді мамандардың қолжетімсіздігі және қаржының жұмсалу ашықтығына қатысты шағымдар азаяр емес. Тек 2025 жыл ішінде Медициналық сақтандыру қорына азаматтардан 23 мыңнан астам өтініш түскен.
МӘМС-тің қазіргі моделіндегі негізгі кемшілік – басқарудың бірыңғай жүйесінің жоқтығы. Жоспарлау, қызметтерді сатып алу, бақылау және төлем жасау процестері бір-бірінен алшақ жатыр. Мұның салдары мынадай қиындықтарға әкеліп соғады:
-
Қаржы ағындарының ашықтығы жеткіліксіз;
-
Процестерді қолмен басқару әдісі жиі қолданылады;
-
Бақылау шаралары мәселе туындап қойғаннан кейін ғана жүргізіледі;
-
Шығындар сапаға емес, санға (көрсетілген қызмет көлеміне) негізделген.
Жаңа реформа аясында Медициналық сақтандыру қоры тек қана қаржы операторы рөлінен шығып, халықтың қажеттіліктерін болжайтын және тәуекелдерді басқаратын негізгі институтқа айналады. Ең бастысы, енді ресурстар халықтың нақты сұранысына қарай бөлінбек.
Жүйеге Qalqan атты бірыңғай цифрлық архитектура енгізіліп жатыр. Ол жоспарлаудан бастап нақты төлемге дейінгі барлық кезеңді бақылап, қаржының «сол жаққа» кетпеуін қадағалайды. Бұл ретте цифрлық жүйе дәрігердің жұмысына немесе емдеу тәсіліне араласпайды, тек қаржылық тәртіпті қамтамасыз етеді.
Көпшілікті мазалайтын сауал: кезектер қашан азаяды? Реформа кезек мәселесін бірден шешпесе де, медициналық көмекті дәлірек жоспарлау арқылы болашақта бұл проблеманың түйінін тарқатуға жағдай жасайды.
Сонымен қатар, 2026 жылдан бастап скринингтік зерттеулер тізімі едәуір кеңейеді. Енді азаматтар МӘМС шеңберінде мынадай ауруларды ерте анықтау үшін тексеруден өте алады:
-
Жүрек-қан тамырлары аурулары;
-
Қант диабеті;
-
Глаукома;
-
Вирустық гепатиттер.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Премьер-министр Олжас Бектенов атап өткендей, медицинаға бөлінген әрбір теңге нақты пациентке жетуі тиіс. Егер бұл қағидат сақталса, МӘМС 2.0 еліміздің әлеуметтік саласындағы ең сәтті жобалардың бірі болмақ.
Сіз медициналық сақтандыру жүйесінің қызметін пайдаланасыз ба? Өзгерістерден не күтесіз? Пікір бөлісе кетіңіз!





