Қоғамның әлеуметтік-экономикалық дамуында мемлекеттік қызметтің алатын орны ерекше. Мемлекеттік қызметшілер билік пен халықтың арасын жалғайтын алтын көпір. Олар өзінің қызметтік міндеттерін мінсіз орындау арқылы ел азаматтарының мемлекеттік қызметке деген сенімін арттырып, өз іс-әрекетімен сыбайлас жемқорлықтың кез келген көрінісіне төзбеушілік қағидатын ұстанып, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға атсалысуы тиіс.
Мемлекеттік қызметші өз қызметінде мемлекеттік қызметтегі әдеп ережелерін реттейтін Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексін басшылыққа алады. Кодекске сәйкес мемлекеттік қызметшілер жоғары кәсібилік нышаны, адал, әділ, қарапайым, сыпайы болуы, жалпыға ортақ моральдық-этикалық талаптарды ұстануы, өз міндеттерін сапалы, тиянақты орындауы тиіс. Бүгінгі таңдағы технологиялар барынша дамыған қоғамда және БАҚ-тың еркіндігінде әрбір мемлекеттік қызметші халықтың алдындағы жауапкершілік жүгін анық сезінуі үшін ең әуелі өзінің моральдық-әдептілік құндылықтарын дамытуға күш салуы керек.
Мемлекеттік қызметшінің шыншыл болуы оның маңызды моральдық қасиетінің бірі. Ол екіжүзділікке, өтірік айтуға, жеке мақсаты, мансабы үшін өзгеше сипатта қарауға қарсы тұруы керек. Мемлекеттік қызметші жағымсыз тәкаппарлық қасиеттен де аулақ болғаны абзал. Ол адамдармен қарым-қатынастарда менмендіктен, олардың білімі мен тәжірибесін менсінбеушіліктен, өз лауазымын аса биік бағалаудан, қолы жеткен табысқа мастанудан, өз мүмкіндігін асыра бағалаудан байқалып тұрады.
Мемлекеттік қызметшіге қажет тағы бір қасиет – тыңдай білу. Тыңдай білу сөйлеушінің сөзін бөлмей мақұлдау ғана емес, оның ойына, сезіміне ортақтасу. Азаматтармен қарым-қатынас жасау кезінде өз ойын дұрыс және дәлелді түрде баяндау, сөйлеп отырған адамның сөзін бөлмей, азаматтың сұрақтарын мұқият тыңдау, әңгімелесушіге ізгі ниеттілік пен құрмет білдіру қажет. Әдеп кодексінде «клиентке бағдарлану» қағидасының мәні де осы сөзімізге дәлел бола алады.
Жалпы, мемлекеттік қызметші жан-жақты дамыған тұлға болуы тиіс. Үнемі саламатты өмір салтын ұстануы және отбасы құндылықтарын насихаттауы қажет. Кез келген жағдайда әдеп қағидаттарын сақтау қоғамның мемлекеттік қызметке деген жоғары сенімінің негізі болып табылатындығын есте сақтауы тиіс.
Қобылан МАНАП,
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің
Жетісу облысы бойынша департаментінің басшысы – Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы
Фото: gov.kz