Адамның өмір жолы көбіне оның таңдаған кәсібімен айқындалады. Қай салаға бет бұрғаның – ертеңгі күнгі тұрмысыңның, өз орныңды табуыңның өлшемі. Бүгінде қолында дипломы бола тұра мамандығы бойынша жұмыс таба алмай жүрген жастардың көбеюі осы таңдаудың қаншалықты маңызды екенін тағы бір дәлелдейді.
Диплом алу оңайлағанымен, сол білімнің еңбек нарығында сұранысқа ие болуы әрдайым мүмкін бола бермейді. Мектеп бітірушілердің елеулі бөлігі болашақ бағытын нақты айқындап үлгермейді. Нақты деректер көрсеткендей, түлектердің шамамен 20-30 пайызы ғана мамандығын саналы таңдайды. Қалғандары грант санына, емтихан нәтижесіне немесе ата-ананың пікіріне сүйенеді. Соның салдарынан төрт жыл бойы алынған білім өмірлік кәсіпке айналмай, диплом формалды құжат күйінде қалып жатады.
Жас мамандардың еңбек нарығына шығудағы басты кедергілерінің бірі – тәжірибе тапшылығы. Жұмыс берушілер тәжірибелі кадрды қалайды, ал оқу орнын жаңа тәмамдаған түлек үшін мұндай талапты орындау қиын. Осылайша білім беру жүйесі мен еңбек нарығы арасында алшақтық қалыптасады: теория жеткілікті болғанымен, практикалық дағды жетіспейді.
Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының дерегіне сәйкес, облыста 14 пен 35 жас аралығындағы жастар саны 186,1 мың адамды құрайды, бұл халықтың 27 пайызы. Оның 103,1 мыңы ауылдық жерде тұрады. Еңбекке қабілетті жастар саны – 110,8 мың.
2025 жылдың үшінші тоқсанында облыста 14,3 мың жұмыссыз тіркелсе, оның 1,9 мыңы жастар. Бұл жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 1,7 пайыз екенін көрсетеді. Көрсеткіш төмен көрінгенімен, өз мамандығы бойынша жұмыс таба алмаған жастардың нақты саны бұдан әлдеқайда көп екені аңғарылады.
Жастарды қолдау мақсатында «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты», «Жастар тәжірибесі» секілді бағдарламалар жүзеге асуда. Облыстық еңбек мобильділігі орталығының басшысы Ақжайық Кілтбаеваның айтуынша, бұл жобалар жастардың еңбек нарығына бейімделуіне мүмкіндік бергенімен, көбіне уақытша тәжірибемен шектеледі. Жалақының төмендігі мен тұрақты жұмысқа қол жеткізудің қиындығы жастардың басқа бағытқа бет бұруына әсер етеді.
«Еңбек нарығын дамыту тұжырымдамасы» аясында 2025 жылы жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен 27,9 мың адам қамтылса, оның 9,3 мыңы жастар. Сонымен қатар 800 жұмыссыз азамат қысқамерзімді кәсіптік оқыту арқылы жаңа мамандық игерді. Алайда бұл мүмкіндіктердің басым бөлігі жұмысшы мамандықтарына бағытталғандықтан, гуманитарлық сала түлектері үшін бос орын мәселесі өзекті күйінде қалып отыр.
Жастарды жұмыспен қамту бағытында «Jetisý jastary» коммуналдық мемлекеттік мекемесі де бірқатар жобаны жүзеге асыруда. Мекеме директорының орынбасары Арнай Байжұрыновтың мәлімдеуінше, 2025 жылы ұйымдастырылған 67 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі нәтижесінде 1 947 азамат тұрақты жұмысқа орналастырылған. 2026 жылдың басынан бері 23 іс-шара өткізіліп, 772 жас қамтылып, оның 14-і тұрақты, 16-сы уақытша жұмыс тапқан. Оның айтуынша, мұндай алаңдар жастар мен жұмыс берушілер арасындағы байланысты күшейтіп, жұмыссыздықты азайтуға ықпал етеді. Дегенмен, тұрақты жұмысқа орналасу мәселесі әлі де кешенді шешімді қажет етеді.
Жастардың жеке тәжірибесі бұл мәселенің нақты көрінісін көрсетеді. Талдықорған қаласының тұрғыны Аружан Нұрланқызы ата-анасының қалауымен мұғалім мамандығын таңдағанымен, өз жолын кәсіпкерліктен тапқанын айтады. Ал журналистика мамандығын тамамдаған Мақпал Әділханқызы студент кезден тәжірибе жинаудың арқасында өз саласында жұмысқа орналасқан. Бұл мысал тәжірибенің дипломнан кем емес маңызға ие екенін дәлелдейді.
Дипломның жұмысқа кепіл болмауы – уақыттың шындығы. Мәселе тек бос орын тапшылығында емес, мамандық таңдау мәдениетінде, білім мазмұнында және еңбек нарығы талаптарының өзгеруінде жатыр. Білім беру ұйымдары практикалық дайындықты күшейтіп, жұмыс берушілер жас мамандарға мүмкіндік бермейінше, бұл алшақтық сақтала береді.
«Диплом бар, жұмыс ше?» деген тіркес бір буынның тұрақты көңіл-күйіне айналмауы тиіс. Ол үшін мамандықты саналы таңдау, оқу барысында тәжірибе жинау және еңбек нарығының нақты сұранысына бейімделу маңызды. Диплом – мақсат емес, бастама. Ол нақты еңбекпен толыққанда ғана құндылыққа айналады.
Әр жас өз орнын тапқанда ғана қоғамның дамуы тұрақты болады. Өйткені елдің болашағы – білімін тәжірибемен ұштастыра алған, өз ісін сүйетін жастардың қолында.
Жұлдыз КЕНТБАЕВА
ЖУ студенті





