Еліміздегі сауда желілерінде жергілікті өндірушілерді қолдауға бағытталған жаңа талаптар ресми түрде күшіне енеді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Үкімет отырысында Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев отандық тауар өндірушілерді ілгерілету шаралары туралы баяндады. Министр өз сөзінде:
«20 қазаннан бастап әрбір тауар санаты мен кіші санатында отандық тауарлардың міндетті үлесінің болуы жөніндегі жаңа талаптар күшіне енеді. Сауда желілерімен қазақстандық өнімді ілгерілету бойынша 72 меморандум жасалды», – деп атап өтті.
Арнайы әзірленген ережелерге сәйкес, сауда нүктелерінің иелері жергілікті өнімге сөрелерден белгілі бір көлем бөлуге міндеттеледі.
Осы жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша еліміздегі сауда айналымы 61 трлн теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 16%-ға өсті. Негізгі үлес көтерме саудаға тиесілі болып, 40,7 трлн теңгені құраса, бөлшек сауда 20,5 трлн теңгені бағындырды. Тауар айналымының 70%-дан астам бөлігі негізгі бес өңірге келеді. Үздіктер қатарында Алматы, Астана, Шымкент қалалары мен Атырау және Қарағанды облыстары бар. Сатылым көлемінде автомобиль, тұрмыстық техника, фармацевтикалық өнімдер, сусындар, тамақ өнімдері мен құрылыс материалдары сияқты жоғары өңделген тауарлар басым. Бұдан бөлек, жыл басынан бері республикада «Дала дәмі» атауымен 5,6 мың ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылды.
Жетісу облысы сияқты ауыл шаруашылығы мен өңдеу өнеркәсібі дамыған өңірлер үшін жаңа талаптардың маңызы зор. Ауылдық жерлердегі шағын және орта бизнес өкілдері дайын өнімді ірі сауда желілеріне кедергісіз шығару мүмкіндігіне ие болады. Бұл қадам жергілікті кәсіпкерлердің табысын арттырып, өңірлерде қосымша жұмыс орындарын ашуға жағдай жасайды. Сонымен қатар, сапалы отандық өнім тұтынушылар үшін қолжетімді әрі арзан болмақ.
Үкімет жиынында Премьер-министр Олжас Бектенов қазақстандық өндірушілердің сыртқы нарықтарға белсенді шығуының маңыздылығын атап өтті. Ішкі нарықтың сыйымдылығын ескере отырып, өндірісті ұлғайту мен экономикалық өсімді қамтамасыз ету экспорт көлеміне тікелей байланысты. Осыған орай, отандық өнімді шетелде ілгерілету, жаңа өткізу аумақтарын игеру және экспорттық жеткізілімдер географиясын кеңейту бойынша жұмыстарды жандандыру тапсырылды.





