Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында айтылған тапсырмаларды орындау аясында Үкімет ішкі нарықты қорғау және отандық өндірушілерді қолдау шараларын жүйелі түрде жүзеге асыруда, деп хабарлайды 7-SU.KZ ақпараттық порталы.
2025 жылдың мамыр айында тауарлардың шыққан елін анықтау мәселелері бойынша заңнамаға өзгерістер енгізілді. Бұл шешім импорттық өнімдерге әділ бақылау орнатып қана қоймай, қазақстандық тауарлардың нарықтағы үлесін арттыруға жол ашты.
Сонымен бірге, отандық тауар өндірушілердің бірыңғай тізілімі әзірленіп жатыр. Тізілімге енген компаниялар мемлекеттік қолдау шараларын жеңілдетілген тәртіппен ала алады және мемлекеттік пен квазимемлекеттік сатып алуларға қатысуға мүмкіндік алады.
Жаңа бағдарламаға сәйкес, ел дүкендеріндегі сөрелердің кемінде 50%-ын қазақстандық өнімдер құрайтын болады. Бұл қадам отандық тауардың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, тұтынушылардың таңдау мүмкіндігін кеңейтеді.
Сапасыз және қауіпті өнімдердің елге кіруін шектеу үшін бақылау күшейтілді. Барлық бақылаушы органдардың қатысуымен құрылған Ахуалдық штабтың жұмысы нәтижесінде 47 мыңнан астам көлік тексерілді. Тауарлық салмақта бұл 600 мың тоннадан аса мал шаруашылығы өнімдері. Оның ішінде 900-ден астам автокөлік кері қайтарылып, 1 мыңнан астам сәйкестікті растау құжаттарының күші жойылды.
– Бұл шаралар отандық өндірушілерді қолдап қана қоймай, халықты сапасыз өнімнен қорғауға және ішкі нарықтағы әділ бәсекені қамтамасыз етуге бағытталған, – деді Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев.





