Тамыз айының екінші жексенбісі құрылысшылардың кәсіби мерекесі. Осыған орай Дәнеш Рақышев атындағы облыстық филармонияда қиын да қажырлы еңбек иелері төл мерекелерін атап өтті. Күннің аптабы мен суығына қарамай өңірді сәулеттендіре түскен құрылысшыларды облыс әкімінің бірінші орынбасары Әлібек ЖАҚАНБАЕВ құттықтады.
Жиында Әлібек Әскербекұлы:
– Қаланы көркейтуде ерекше рөл атқарып, аянбай қызмет істеп жүрген әр құрылысшының еңбегі зор. Олар зәулім ғимараттар мен тұрғын үйлер тұрғызып, жолдар салып, өңірдің экономикалық-әлеуметтік жағдайын жақсартуға атсалысып жүрген жандар. Кез келген елдің экономикалық қуаты, халықтың әл-ауқаты құрылыс секторының дамуына тікелей байланысты. Сондықтан біз құрылыс саласына ерекше назар аударып отырмыз, – деп облыстағы атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап, ізгі тілегін білдірді.
Облыс әкімінің бірінші орынбасарының айтуынша, 6 айдың қорытындысы бойынша облыста құрылыс нысандарының жұмысы 1,4 есеге ұлғайыпты. Құрылыс алаңдарында жобалаушы, сәулетші, сылақшы, инженер сынды кәсіби мамандардың еңбегі бір арнаға тоғысып 453 нысан құрылысы жүргізіліп, 213 нысан ел игілігіне ұсынылады. Мемлекет басшының тапсырмасына сәйкес облыста Ұлттық жоба аясында 7 жайлы мектептің құрылыс жұмысы жоспарланып, жыл соңына дейін 2 білім ошағы есігін айқара ашады. Шалғайдағы елді мекендерді сапалы медицинамен қамтамасыз ету мақсатында 8 ауданда 59 денсаулық сақтау нысандарының құрылысы басталып, жыл соңына дейін аяқталады. Бұның барлығы құрылысшылардың ерен еңбегі.
Шара барысында Жетісу, Алматы облыстары және Алматы қаласы бойынша ҚР Ұлттық құрылыс индустриясы қауымдастығының өкілі Салауат Дембай құрылысшыларды төл мерекелерімен құттықтап, жылы лебізін жеткізді.
Осыдан кейін құрылыс саласының майталмандары облыс әкімінің, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің, облыстық құрылыс басқармасының Құрмет грамотасы және Алғыс хаттарымен марапатталды. Сонымен қатар, Шамиль Ибрагимов ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің «Құрметті құрылысшы» төсбелгісін, Даркен Нұржанов пен Светлана Ярмухамедова ҚР Ұлттық құрылыс индустриясы қауымдастығы президентінің төсбелгісін кеудесіне қадады.
Жиын соңы мерекелік концертке ұласты.
Айдар ҚАЛИЕВ