«Екіаша» шекара бөлімшесінде алпыс жылдан астам уақыт бойы қордаланған ауызсу мәселесі шешімін тапты.
ҚР ҰҚК Шекара қызметінің Жетісу облыстық департаменті Алакөл аудандық шекара басқармасына қарасты бөлімшеде бұған дейін ауызсу жақын елді мекеннен арнайы көлікпен жеткізіліп келген. Биыл әскери қызметшілердің тұрмыстық жағдайын жақсарту мақсатында бөлімшеге тұрақты су жүйесі тартылды.
Шекара басқармасының тыл қызметі күшімен бір мың метрден астам құбыр тартылып, қажетті жабдықтар орнатылды. Жұмысты жүзеге асыруға майор Жеңіс Буксуікбаев, аға лейтенант Темірлан Төлеубеков, кіші сержант Диас Мұхамедьяров, қатардағы жауынгер Ерназ Әділетхан, аға сержанттар Алмас Тоқтағазов пен Дастан Матқалиев үлес қосты.
Тұрақты су жүйесінің іске қосылуы шекарашылар мен олардың отбасы мүшелерінің тұрмысын жеңілдетіп, шалғай шекара бөлімшесіндегі қызметке қолайлы жағдай қалыптастырды.





