Облысқа жұмыс сапарымен келген Экология және табиғи ресурстар министрлігінің вице-министрі Жомарт Әлиев әр сала басшылары, тұрғындар және коммерциялық емес ұйым өкілдерімен кездесті. Іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Әсет Қанағатов қатысты. Жомарт Әлиев кездесудің Президенттің орталық атқарушы органдар басшыларына халықпен кездесулер өткізу туралы тапсырмасын орындау аясында ұйымдастырылғанын атап өтті.
Жеті өзен өрнектеген облыста қоршаған ортаны қорғау аясында атқарып жатқан жұмыс жеткілікті. Вице-министрдің айтуынша, еліміздің басқа өңірлерімен салыстырғанда Жетісу облысындағы жалпыэкологиялық жағдай салыстырмалы түрде қолайлы, атмосфералық ауаның ластану деңгейі төмен.
Кездесуде Жомарт Әлиев Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған 2024-2029 жылдарға арналған экологиялық мәдениетті дамытудың тұжырымдамасы Президент Әкімшілігімен келісу сатысында тұрғанын хабарлады. Бұл сананы, адамның қоршаған ортаға қатысты мінез-құлық мәдениетін жақсартуға бағытталған үлкен жұмыс. Оның негізі – адамның өзіне, үйіне, көшесіне, қаласына, Отанына деген рухани және патриоттық көзқарасты қалыптастыру.
Тұжырымдамада іс-қимыл жоспары қарастырылған. Нәтижелерге қол жеткізудің тетіктері, әдістемесі сипатталған. Ол бекітілгеннен кейін жергілікті мүдделерді ескере отырып, іске асыру жөніндегі өңірлік жоспарды әзірлеуге екі ай беріледі. Сондай-ақ, экология және табиғи ресурстар вице-министрі қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеуді қоса алғанда, облысымыздың қоршаған ортасын жақсарту жөніндегі жоспардың дайындығы туралы хабардар етті.
Жомарт Әлиевтің айтуынша, Экология және табиғи ресурстар министрлігінің бастамасымен азаматтардың өтініштері @TazaQazBot телеграм чаты арқылы қабылданады. Оған тұрғындар экология, қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне қатысты фотосуреттерді жүктеуге, ұсыныстарын айтуға құқылы.
Дегенмен, жыл сайын өнеркәсіп орындарының көптеп ашылуы, зауыттардың көбеюі, сонымен қатар, бұрынғы кәсіпорындардағы инфрақұрылым мен технологияның ескіруі салдарынан туындайтын экологиялық ахуалға қатысты мәселелер аз емес. Ол жайлы «Сұрақ-жауап» форматында өткен кездесу кезінде айтылды.
Шара аясында вице-министр Жомарт Әлиев азаматтарды жеке мәселелер бойынша да қабылдады. Қабылдауға келген «Жасыл ниеттестік» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Әлия Ахмедиева бірнеше мәселені қатар көтерді. Сонымен бірге, әрбір елді мекендердегі саябақтар мен скверлерді күтіп ұстауды ұйымдастыру мен қадағалау мақсатында осы жұмыспен тікелей айналысатын маман тағайындау мен туризм аймақтары мен елді мекендерде талапқа сай дәретхана мен қоқыс жәшігін орнату, жол және өзге де сервистік қызметтерді дамыту керектігін ұсынды.
Вице-министр бұл ұсыныстарды қолдайтынын білдірді. Ал облыстық энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Айдос Бекетаев осы бағытта атқарылып жатқан жұмыс ретін қысқаша таныстырды.
Вице-министрге тұрғындар тарапынан қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу, кәсіпорындардан ауаға тарайтын ластаушы заттарды жоюға қатысты қабылданып жатқан шаралар туралы сұрақ көп түсті. Жомарт Әлиевтің пікірінше, бұл проблеманың негізгі себебі – инженерлік жүйелердің тозуы. Осыған байланысты ол бүгінде инженерлік жүйелердің көнерген бөлігін біртіндеп алмастыру бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталды. Сондай-ақ, еліміздегі қайта өңдеу саласы өркендеп, қоқыстарды өңдеумен айналысатын кәсіпорындардың қатары жыл сайын артып келе жатқанын айта келіп, қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу мәселесі бизнес саласына жататынын да ескертті.
Кездесу барысында экология саласына қатысты жобалардың мазмұны, технологиялық нормативтерді айқындаудың негіздемесі, экологиялық тиімділікті арттыру бағдарламасы, сондай-ақ, үздік қолжетімді технологияны қолданудың құқықтық негіздері де түсіндірілді.
Қажет АНДАС