– «ТАЭТК» АҚ жыл сайын өз электр желілерін жаңғыртып, қайта жетілдіру жұмыстарын жүргізеді. Мұндағы басты мақсат – сенімді әрі үздіксіз электрмен жабдықтауды қамтамасыз ету, желілердің өткізу қабілетін арттыру, техникалық шығындарды азайту және тұтынушыларға ұсынылатын қызмет сапасын жақсарту. Биылға жоспарланған жаңғырту жұмыстарының жалпы құны 2 млрд. 996,9 млн. теңге. Осыған орай атқарылған жұмыстарды саралап көреміз, – дейді ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің облыстық департаментінің басшысы Думан Қалибеков.
«ТАЭТК» АҚ облыстағы электр энергиясын тасымалдау және таратумен айналысатын электр желілік компания. Биылғы 1 маусымнан бастап тариф 1 кВт/сағ үшін 14,76 теңге болып бекітілген. Қазіргі уақытта компанияда 1528 қызметкер жұмыс істейді. Электр энергиясын тасымалдау мен тарату жалпы ұзындығы 12 627 шақырымды құрайтын электр желілері арқылы жүзеге асырылады. Компания балансында 108 төмендетуші қосалқы стансы және 2018 трансформаторлық қосалқы стансы бар. Қызмет көрсету аумағы 119 мың шаршы шақырым. Жалпы абоненттер саны 202 167, оның ішінде 40 039-ы автоматтандырылған коммерциялық есептеу жүйесіне қосылған.
– Биылғы жаңғырту жұмысы нәтижелі жүргізілуде. Атап айтар болсақ, Текелі қаласындағы №168 ҚС-тен 18,62 шақырым желінің 12,58 шақырымы жаңартылып, 700 дана темірбетон тірек қойылған. Текелідегі №163 ҚС-тен 6,84 шақырым желінің 4,58 шақырымы ауыстырылып, 295 тірек орнатылыпты. Ал Жаркент қаласындағы №134 ҚС-ның №46 желісіндегі 28,26 шақырым желінің 8,52 шақырымы жаңартылып, 985 тірек қойылса, №134 ҚС және №49 желінің 15,29 шақырымы жаңартылып, 1014 тірек орнатылған. Бұған қоса Ескелді және Кербұлақ аудандарында қосымша желілерді қайта жөндеу жобасы басталды. Дегенмен, бұл жұмыстардың орындалу деңгейі әзірге 3-4 пайыз көлемінде ғана, – дейді «ТАЭТК» АҚ-ның өндіріс жөніндегі басқарушы директоры Айдос Тағанбаев.
Компания басшылығының айтуынша, жаңғырту жұмыстары жылдың соңына дейін толық аяқталады. Жаңа желілердің іске қосылуы электр энергиясын тарату сапасын арттырып қана қоймай, облыс тұрғындары үшін үздіксіз әрі сенімді электрмен жабдықтауды қамтамасыз етеді.
Қажет АНДАС





