Вейпинг құрылғылары темекіні тастауға көмектесетін зиянсыз құрал ретінде таныстырылғанымен, соңғы ғылыми деректер оның ағзаға тигізер зардабы орасан екенін растап отыр. Мамандар электронды темекі ауыз қуысы мен өкпе обырының даму қаупін едәуір арттыратынын алға тартады, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Көптеген елдердің денсаулық сақтау ұйымдары осы уақытқа дейін вейпті дәстүрлі темекіге қарағанда қауіпсіз балама деп бағалап келгені жасырын емес. Алайда Аустралиядағы Жаңа Оңтүстік Уэльс университетінің ғалымдары жүргізген ауқымды зерттеу бұл түсініктің қате екенін көрсетті.
Ғалымдар 2017-2025 жылдар аралығындағы ғылыми жұмыстарды саралай келе, электронды темекі буының адам ДНҚ-сына тікелей әсер ететінін анықтады. Вейп пайдалану кезінде жасушалардың қалыпты қызметі бұзылып, генетикалық деңгейде өзгерістер орын алады. Бұл процестер онкологиялық дерттердің бастамасы саналады.
Зерттеудің негізгі тұжырымдары:
- Өкпе зақымдануы: Электронды темекі буы тыныс алу жолдарының нәзік тіндерін зақымдап, қабыну тудырады.
- Ауыз қуысының микробиомасы: Ауыз ішіндегі пайдалы бактериялар тепе-теңдігі бұзылып, агрессивті қабыну процестері басталады.
- Қос қауіп: Дәстүрлі темекі мен вейпті қатар қолданатын адамдарда өкпе обырына шалдығу мүмкіндігі 4 есеге дейін жоғарылайды.
Зерттеушілер нақты мысал ретінде вейпті ұзақ уақыт тұтынған 19 жастағы бозбаланың жағдайын келтіреді. Ол ауыз қуысының өте сирек кездесетін әрі қауіпті обыр түріне шалдыққан. Әдетте мұндай ауру тек егде жастағы немесе спецификалық вирусы бар адамдарда кездессе, бұл жағдай вейпингтің жас ағзаға тигізетін тікелей соққысы екенін айқындайды.
Электронды құрылғылардан бөлінетін буда шайыр болмағанымен, оның құрамында формальдегид секілді улы заттар жетерлік. Бұл химиялық қосылыстар ағзада тотығу стресін тудырып, артериялардың тарылуына, ми қызметінің өзгеруіне және жүрек-қан тамырлары жүйесінің бұзылуына әкеп соқтырады.
Мамандар вейп пен қатерлі ісік арасындағы толық дәлелденген байланысты күту үшін ондаған жылдар керек екенін ескертеді. Кезінде кәдімгі темекінің зияны да дәл осылай ұзақ зерттеліп, миллиондаған адам зардап шеккеннен кейін ғана мойындалған болатын. Сондықтан бүгіннен бастап зиянды әдеттен бас тартып, спортпен шұғылдану және таза ауада серуендеу – денсаулықты сақтаудың жалғыз жолы.
Денсаулығыңызға бей-жай қарамаңыз! Егер сіз немесе жақындарыңыз вейп қолданса, қазірден бастап бұл әдеттен арылуға тырысыңыз. Өкпенің саулығы – ұзақ өмірдің кепілі.





