Қазақстан армиясының қорғаныс әлеуеті артып, жаңа әскери техникамен толықтырылуда, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Испаниядан Алматы қаласына Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің Әуе қорғанысы күштеріне арналған екінші ауыр әскери-көлік Airbus A400M Atlas ұшағы сәтті жеткізілді. Осындай заманауи техниканың келуі еліміздің әскери-көлік авиациясының мүмкіндіктерін түбегейлі кеңейтіп, стратегтиялық тапсырмаларды шешуге жол ашады. Жаңа буындағы A400M ұшақтары тек тікелей қорғаныс міндеттерін атқарып қана қоймай, төтенше жағдайлардың зардабын жою, азаматтарды қауіпсіз аймаққа эвакуациялау және зілзала аймақтарына жедел түрде гуманитарлық көмек жеткізу мақсатында да тиімді пайдаланылады.
Авиациялық әлеуетті нығайтудың тағы бір маңызды қыры қазақстандық әскери қызметшілердің халықаралық бітімгерлік миссияларға қатысуын қамтамасыз етуге бағытталған. Осындай әлеуетті ұшақтардың болуы ұлттық бітімгерлік контингентті өз күшімен қашыққа тасымалдау мүмкіндігін едәуір арттырады. Айта кетерлігі, жаңа авиациялық техниканы басқаруға отандық экипаждар мен инженерлік-техникалық персонал алдын ала сапалы дайындықтан өтті. Олар Испанияның Севилья қаласындағы арнайы Airbus оқу орталығында теориялық және тәжірибелік білім алып, әуе кемелерін басқару пен техникалық қызмет көрсету қырларын толық меңгерді.
Бүгінгі таңда Airbus A400M әскери-көлік ұшағы Қазақстан, Түркия, Германия, Малайзия, Индонезия, Франция, Ұлыбритания, Испания, Бельгия және Люксембург сынды он елдің қарулы күштерінде табысты қолданылып келеді. Аталған әуе кемесі ауыр әскери техниканы ұзақ қашықтыққа тасымалдаумен қатар, қысқа әрі арнайы жабыны жоқ қиын ұшу-қону жолақтарына да қауіпсіз қонуға толық мүмкіндік береді.





