Қазан айының 25 жұлдызы елімізде Республика күні. Мерейлі мерекенің мәні де маңызы да зор. Себебі, бұл күн ата-бабаларымыздың сан ғасырлық асқақ арманы орындалып, ұлан-ғайыр қазақ даласында ел егемендігі туралы алғаш декларация қабылданған күн.
Жұртқа мәлім 2022 жылдың 29 қыркүйегінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Заңына қол қойған болатын. Аталған заңға сәйкес 25 қазан Республика күні ұлттық мереке болып бекітілген еді. Бұл мереке ел тарихында ерекше есте қалары анық.
Алматы облысының және Талдықорған қаласының Құрметті азаматы, танымал қарт Мұрат Қалықтың сөзінше, 1990 жылы 25 қазан күні Қазақстанның «Мемлекеттік егемендігі туралы Декларациясы» қабылданған болатын. Бұл құжат ел Конституциясының негізіне айналған тұңғыш заң актісі болды. Ал, құжатта Қазақстан «халықаралық қатынастардың дербес субъектісі болуға, сыртқы саясатты өз мүдделеріне сай белгілеуге, халықаралық ұйымдардың қызметіне қатысуға құқығы бар» егемен мемлекет деп жарияланды. Қазақстанның егемендігі және территориясының тұтастығы саяси, құқықтық және экономикалық тұрғыдан дәйектелді. Осы кезден бастап демократиялық қоғам құру мақсатында ел ішіндегі қоғамдық-саяси құрылымға біраз өзгерістер енгізіле бастады. Бұл акт арқылы әлем картасындағы қазақ даласының тұтас орны белгіленді.
«25-ші қазан қазақ елі үшін биік мәртебеге ие болған тарихи сәт. Дәл осы күні еліміз егеменді, тәуелсіз, зайырлы азат ел болып жарияланды. Бұл күн – ата – бабамыз аңсаған арманның жүзеге асқан, елімізге еркіндік сыйлаған Ұлы күн болып есте қалды. Осыдан екі жыл бұрын ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл күннің қадір-қасиетін жоғары бағалап ұлттық мереке етіп қайта бекітуінің өзі халыққа зор қуаныш сыйлады. Сондықтан бұл күн халқымыз үшін аса қадірлі де қастерлі. Оның құндылығын бағалай біліп елдің біртұтастығын сақтау, ынтымағы мен бірлігін арттыру бағытында әрбір азамат еңбек етуі тиіс», –дейді абыз ардагер.
Айдын КӘЛІМХАН





