Жаркент өңірінің қасиетті топырағы елге танымал дарынды өнер иелерін, ақын-жазушылар мен қолөнер шеберлерін дүниеге әкелген құтты мекен. Сонымен қатар бұл өлке ауыл шаруашылығы, ғылым және ел экономикасын дамытуға, халықтың әлеуетін арттыруға елеулі үлес қосқан тұлғаларымен де бай. Солардың қатарында Социалистік Еңбек Ері, атақты жүгері өсіруші Мәриям Ниязова да бар. Биыл мерейлі 95 жылдығы тойланып жатқан асыл ананың өмірі өнегеге толы.
Оның еңбек жолы көпке үлгі. Осынау мерейлі мереке аясында ауданымызда түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда. Соның ішінде Қырыққұдық ауылдық кітапханасында «Өмірін еңбекке арнаған асыл ана» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, көрмеге аяулы ананың өмірі мен еңбек жолынан сыр шертетін түрлі кітаптар қойылды.
Мәриям Асқарқызы 1931 жылы Жаркент өңірінде дүниеге келген. Еңбекке ерте араласқан ол маңдай тер мен адал істің қадірін бала күнінен түсініп өсті. Әкесі Асқар Ниязов қарапайым жұмысшыдан колхоз және аудандық атқару комитеті төрағасына дейін көтерілген, елге сыйлы азамат еді. Осындай өнегелі орта Мәриямның еңбекқорлығы мен жауапкершілігін қалыптастырды.
1945 жылы жетіжылдық мектепті тамамдаған соң Панфилов ауданындағы Пахталық колхозында еңбек жолын бастады. Кейін Алматы орта ауыл шаруашылығы мектебінде білім алып, «агроном» мамандығын меңгерді. Туған колхозына оралғаннан кейін жүгері өсірушілер бригадасын басқарды.
Оның жетекшілігіндегі бригада 1963 жылы 250 гектардың әр гектарынан орта есеппен 79,6 центнерден өнім жинады. Ал 1966 жылы бұл көрсеткіш 88,6 центнерге жетті. Бұл – агрономиялық білімді, озық тәсілдерді және ұжымдық еңбекті ұтымды ұштастырудың нәтижесі еді.
Ел игілігі жолындағы еңбегі жоғары бағаланып, 1966 жылы Мәриям Асқарқызына «Социалистік Еңбек Ері» атағы берілді. Ол Ленин орденімен, «Орақ пен балға» алтын медалімен, кейін екінші Ленин ордені, Еңбек Қызыл Ту және «Халықтар достығы» ордендерімен марапатталды.
Ол қоғамдық жұмыстарға да белсене араласты. КОКП XIII съезіне делегат болып қатысып, Қазақстан әйелдерінің II съезінде ел әйелдерінің мүддесін танытты. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің және Панфилов аудандық депутаттар кеңесінің депутаты болып сайланды.
Мәриям Ниязова 1988 жылы дүниеден өтті. Алайда оның есімі мен еңбегі халық жадынан өшкен жоқ. Алматы мен Жаркент қалаларындағы көшелерге есімінің берілуі – елдің ардақты перзентіне деген құрметтің белгісі.
Мәриям Асқарқызының ғұмыры – қарапайым еңбектің үлкен жетістікке бастайтынын дәлелдейтін тағылымды тарих. Ол туған жеріне адал қызмет етіп, кәсіби шеберлігімен, табандылығымен және елге деген жауапкершілігімен кейінгі ұрпаққа өшпес өнеге қалдырды.
Гауһар РАХЫМҒАЛИ
Қырыққұдық ауылдық кітапханасының кітапханашысы





