Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев құрылыс нысандарына берілетін бірегей нөмірдің маңызын түсіндірді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы inform.kz сайтына сілтеме жасап.
– Нысанның бірегей нөмірі – шынында да жаңашылдық. Күнделікті өмірмен салыстырсақ, бұл әр адамда бар ЖСН-ге ұқсайды. Бірегей нөмір нысанға мемлекеттік қала құрылысы кадастрында жобалау кезеңінде автоматты түрде беріледі және оның бүкіл «өмірлік циклімен» – жоспарлау, сараптама, құрылыс және тіпті утильдеу кезеңіне дейін бірге жүреді, – деді министр Мәжіліс депутатының сұрағына жауап беріп.
Ерсайын Нағаспаевтың айтуынша, жаңа жүйе құрылыс сапасын бақылауға да мүмкіндік береді.
– Мысалы, кейбір нысандар қолданысқа берілгеннен кейін меншік иелері оны жетілдіргісі келеді, бірақ бастапқы құжаттарын таба алмай жатады. Енді нысанды жаңғыртқыңыз келсе, бірегей нөмір арқылы жүйеден оның барлық құжатын, бастапқы жобасын және қолданылған материалдар мен тәсілдерді көруге болады. Осы нөмір арқылы нысанның бүкіл тарихы цифрлық форматта қолжетімді болады, – деді министр.





