Парламент Мәжілісінің депутаты Ермұрат Бәпи Мәжіліс мінберінде мәлімдеме жасап, халықты алдағы референдумда саяси жауапкершілік танытуға шақырды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Халықаралық жағдайдың күрделенуі мен геосаяси тәуекелдердің артуы тұсында Ата Заңды жаңарту ел қауіпсіздігі үшін батыл қадам екенін айтқан депутат:
«Біз бұл жаңа Конституцияны қабылдаған соң, «ескі Қазақстанмен» толық қош айтысамыз! 2022 жылғы конституциялық реформалар кезінде біз суперпрезиденттік модельден бас тартып, бір рет сайланатын жеті жылдық классикалық президенттік жүйеге көштік. Мемлекеттік саяси қызметтегі туыстық ықпал мен мүдделер қақтығысы конституциялық негізде жойылды», – деп нақты атап өтті.
Оның пайымынша, жаңа Ата Заң мемлекеттік басқару жүйесін түбегейлі трансформациялаудың басты кепілі.
Қоғамда талқыланып жатқан «суперпрезиденттік жүйе қайтып келеді» деген пікірлерді депутат негізсіз деп санайды. Ермұрат Бәпи билік тармақтарының тепе-теңдігі сақталатынын алға тарта отырып:
«Жаңа Конституция жекелеген тұлғалардың немесе белгілі бір топтардың ықпалын күшейтуге емес, керісінше, билік тармақтарының тепе-теңдігін қамтамасыз етуге және туыстық, жеке байланыстар арқылы саяси үстемдік орнату мүмкіндігін шектеуге бағытталған. Бұл жаңа Конституцияның бұлжымас қағидаты, өзгермес нормасына айналды!», – деді.
Депутат конституциялық реформаның басты бағдары «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» үлгісін нақтылау екенін жеткізді.
Мәжілісмен жаңа құжаттың преамбуласы мен негізгі баптарында Тәуелсіздік пен егемендікті қорғауға басымдық берілгенін ерекше айтты. Әлемдегі соғыс дүмпуі мен тұрақсыздық жағдайында ішкі бірлікті сақтау маңызды екенін ескерткен Ермұрат Бәпи:
«Әрбір дауыс – Қазақстанның орнықты дамуының кепілі, әрбір азамат – еліміздің болашағының кепілі болуы тиіс деп санаймын. Ендеше, бірге шешім қабылдайық, жаңа тарихты бірге жазайық!», – деп түйіндеді.
Ол барша қазақстандықтарды 15 наурызда өтетін референдумға қатысып, ел тарихының жаңа парағын ашуға шақырды.





