Фаст-фуд (ағылшынша fast — жылдам, food — тағам) – бұл жылдам дайындалып, тұтынушыны ұзақ күттірмей ұсынылатын тағам.
Танымал бұл тағамды әсіресе жастар көп тұтынады. Оны мейрамханалар мен дәмханалардан және дүкендерден сатып алуға болады. Өйткені тез әзірленіп, дәмділігімен ерекшеленеді. Қымбат та емес. Дәл осы себептен гамбургер, хот-дог, шаурма, тағы басқалары өндіріс пен сатуда қарқын алып келеді әрі үлкен сұранысқа ие. Сондықтан, ол қазіргідей асығыс қоғамда ыңғайлы саналады. Кейбіреулер фастфуд жеп, оның қандай қауіп-қатері барын сезінбейді.
Фастфуд неге зиян? Өйткені оған қант пен тұз жоғары мөлшерде қосылады. Артық қант семіздік пен қант диабетіне, эндокриндік жүйе мен метаболизмнің бұзылуына әкелуі мүмкін. Ал көп мөлшердегі тұз жүрек пен бүйрекке өте зиян. Жалпы, адам денесіне аз мөлшерде тұз қажет, ал артығы денеге керек емес. Фастфуд құрамындағы май мен қант көп болғандықтан өте калориялы. Сол себепті семіздікке ұшыратып, ас қорыту жүйесін бұзады. Майлы, тез дайындалатын тағам бауыр мен ұйқы безіне де теріс әсер етеді. Бұл тіпті алкоголь немесе никотин сияқты тәуелділікті тудыруы да ықтимал.
Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Асхат Чарапиевтің сөзінше, фастфудты дәмді әзірлеу үшін тағамдық әртүрлі қоспа қолданылады. Химиялық элементтер дене жасушаларында сақталады және қатерлі ісік ауруын қоздыруыға себебін тигізеді. Кейбір адамдарда иммунитет әлсіреп, аллергия пайда болуы мүмкін. Жалпы, тағамдық қоспалардың ішкі органдарға еш пайдасы жоқ. Консерванттар адамның сыртқы келбетіне тері проблемалары түрінде де кері әсер береді.
Адам өз денсаулығын ойлап, фастфудтың орнына дәруменге бай жемістер мен көкөністерді тұтыну әлдеқайда тиімді. Мәселен, бір алма ең жақсы антиоксиданттар болып табылатын С және Е дәрумендері жетіспеушілігін толтыратын тамаша тағам. Ең дұрысы, үйде дайындалған асты пайдаланған жөн. Майлы тағамдар мен калориялы тамақтан бас тартып, дұрыс ас ішсек қана денсаулықты сақтауға мүмкіндік тумақ.
Айгүл БАЙБОСЫНОВА





