Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов футбол клубтарын мемлекет қазынасынан қаржыландыру тетігін қайта қарауды ұсынды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Халық қалаулысының пайымдауынша, кәсіби спортты салық төлеушілердің есебінен асырау әділетсіздік саналады. Әсіресе, елордалық «Астана» футбол клубына көрсетілетін ерекше қолдауға тоқталған депутат, бір ғана қаланың командасын «Самұрық-Қазына» қоры арқылы жарылқау қалған өңірлердегі клубтардың құқығын шектейтінін баса айтты.
Халықаралық тәжірибеге сүйенсек, футбол әлемдегі ең табысты индустриялардың бірі. Көптеген елдерде клубтар өз шығынын билет сату, жарнама және мерчендайзинг арқылы жауып отыр. Мұрат Әбенов Қазақстанда да осындай жүйе қалыптасуы қажет деп есептейді. Оның айтуынша, бюджет қаражаты легионерлердің жалақысына емес, бұқаралық спорт пен балалар футболын дамытуға бағытталғаны абзал.
Егер біз нарықтық экономика принциптеріне сүйенсек, футбол клубтары жеке инвесторлардың қолдауымен өмір сүруі тиіс. Бұл – тек қаржыны үнемдеу ғана емес, сонымен бірге клубтардың басқару сапасын арттырудың жалғыз жолы. Депутат «Астана» клубына берілетін басымдық басқа командалардың арасында теңсіздік тудыратынын мәлімдеді.
Қазіргі таңда отандық футболда оң өзгерістер байқала бастады. Бірқатар белді клубтар мемлекет қамқорлығынан шығып, ірі кәсіпкерлердің басқаруына өтті. Бұл үрдіс бюджет жүктемесін азайтып, футбол менеджментіне жаңа дем бермек.
Соңғы уақыттағы маңызды мәмілелер тізімі:
- «Жеңіс» (Астана) – Михаил Ломтадзе (Kaspi.kz);
- «Шахтер» (Қарағанды) – Тимур Турлов (Freedom Holding);
- «Қызылжар» (Петропавл) – Сергей Кан;
- «Ақтөбе» – Нұрлан Артықбаев (Qazaq Stroy);
- «Қайсар» (Қызылорда) – Исламғали Қозыбақов (TAU Group LTD);
- «Ордабасы» (Шымкент) – Шахмұрат Мүтәліп.
Кәсіпкерлердің спортқа келуі – клубтардың маркетингтік әлеуетін арттырып, инфрақұрылымды жақсартуға мүмкіндік береді. Бұл мемлекетке салмақ салмай-ақ, футболды сапалы деңгейге шығарудың тиімді тәсілі болып көрінеді.





