Президент Қасым- Жомарт Тоқаев New Silk Way VII Халықаралық көлік-логистика бизнес-форумының ашылуымен құттықтап, Қазақстан мен Қытайды байланыстыратын, ұзындығы 836 шақырымдық Достық – Мойынты теміржолының екінші желісін салтанатты түрде іске қосты.
Достық стансысында өткен шараға онлайн режимде қатысқан Мемлекет басшысы Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың маңызына, «Бір белдеу – бір жол» мегажобасына ерекше тоқталды. Оның айтуынша, Қазақстан аталған стратегиялық бастаманы жүзеге асыруға белсенді қатысып келеді, ал Достық – Мойынты жолының екінші желісін ашу – соның нақты көрінісі.
– Жаңа теміржол желісі арқылы жүк тасымалы бес есеге артады. Экспорттық тауарларды жеткізу мерзімі қысқарып, транзиттік әлеует нығая түседі. Қазақстан солтүстік пен оңтүстікті, батыс пен шығысты жалғап отырған ірі транзиттік мемлекет. Ел аумағы арқылы әлемдік сауда нарықтарына жол ашатын бес ірі теміржол дәлізі өтеді. Біз көлік-логистика инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөлеміз. Соңғы он жылда бұл салаға 35 миллиард долларға жуық қаржы құйылды, – деді Мемлекет басшысы.
Президент алдағы уақытта тағы 5 мың шақырым жаңа теміржол желісін салу және қолданыстағы 11 мың шақырым жолды жөндеуден өткізу жоспарланғанын айтты.
– Мен халыққа Жолдауымда бірқатар жобаны уақтылы жүзеге асыру туралы нақты тапсырма бердім. Алдағы уақытта 5 мың шақырым теміржол салу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, 11 мың шақырым теміржол жөнделеді. Қазір Мойынты – Қызылжар теміржолы салынып жатыр. Қызылжар стансысынан Ақтау портына дейінгі учаскелер жаңғыртылады. Бұл бағдар – Транскаспий халықаралық көлік бағдарының басты бөлігі. Мұның бәрі Еуропа мен Азияның арасын жалғап, Транс-Қазақстан теміржол бағытының, яғни Орта дәліздің қарқынды дамуына ықпал етеді. Жалпы, бәсекеге қабілетті ел болу үшін экономикамыздың мейлінше қуатты болуына баса назар аударуымыз керек. Бұл ретте, көлік-логистика саласының орны бөлек. Сондықтан Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыру негізгі басымдықтың бірі болып қала бермек. Теміржол саласының алдында тұрған міндеттер айқын, – деді Президент.
Мемлекет басшысы алдағы уақытта бұл салаға цифрландыру және жасанды интеллект технологиясын енгізе отырып, оны ел экономикасының озық бағыты ретінде дамыту көзделгеніне, алда әлі де ауқымды жұмыс тұрғанына, сол себепті барлық жоспарды уақтылы, дер кезінде орындау өте маңызды екеніне назар аударды.
Өз кезегінде сөз алған Қазақстанның Еңбек Ері, темір жол саласының ардагері Қалтай Сәмбетов Достық жай ғана стансы емес, стратегиялық маңыздылықтың белгісіне айналғанын тілге тиек етті.
Шара барысында облыс әкімінің бірінші орынбасары Әлібек Жақанбаев теміржол желісінің ашылуы еліміздің транзиттік әлеуетін жаңа деңгейге көтеруге бағытталған маңызды ірі тарихи бастама екенін айтты.
– Мемлекеттің басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылған ірі инфрақұрылымдық жобалардың бірі Достық – Мойынты теміржолы екінші желісінің іске қосылуына куә болып отырмыз. Аталған жоба Қазақстанның, соның ішінде, Жетісу облысының транзиттік әлеуетін арттыруда аса маңызды рөл атқаратыны баршамызға мәлім. Енді Достық стансысының өткізу қабілеті 5 есеге артады. Бұл 2026 жылдан бастап Қытайдан Еуропаға транзиттік жүктің көлемін 2 есе ұлғайтуға мүмкіндік береді, – деді Әлібек Әскербекұлы.
Айта кетейік, Достық – Мойынты теміржолының құрылысы 2022 жылы басталған. 543 млрд. теңгеге бағаланған жоба 3 жыл ішінде аяқталды. Жобаның жалпы ұзындығы 836 шақырымды құраса, оның 325 шақырымы біздің аймағымыз арқылы өтеді. Енді учаскенің қабілеті тәулігіне 15-тен 60 жүк пойызына дейін артады деп күтілуде. Құрылыс жұмысына өңірімізде шығарылған материалдар қолданылып, мыңнан астам адам жұмылдырылып, 200-ге жуық тұрақты жұмыс орыны құрылды. Сондай-ақ, Достық стансысында кең жолмен парк салынып, жаңа құрылғылар алынып, тексеру паркінің сандары ұлғайды.
Жиын соңында Достық – Мойынты теміржолының екінші желісін салуға, саланың өркендеуіне сүбелі үлес қосқан қызметкерлер мен ардагерлер «Достық – Мойынты» медалімен марапатталды.
Айдар ҚАЛИЕВ





