Бұрын халық депутатқа «Халық қалаулысы» деп есім берген. Ықылым заманға өтпесек те кешегі тәуелсіздік алған жылдардан бері барлық деңгейдегі мәслихатқа қаншама тұлға қызмет етті?! Жұрт пайымында депутат билік жоспарын мақұлдаушы, мақсатын құп көруші деген көзқарас қалыптасқан. Бірақ, еліміздегі саяси жүйе толық өзгеріп, «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидаты қалыптасты. Соның нәтижесінде бұқара барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарына мығым жауапкершілік, мықты міндет, жүйелі жүктеме артып отыр. Сонымен, ел сенген, сенім артқан облыстық мәслихат депутатының міндеті мен мақсаты қайсы? Депутаттық корпус қатарында бола жүріп, қандай өзекті мәселелерді шешуге атсалысуда? Осы сауалдарға жауап беріп көрелік.
2023 жылдың 30 наурыз айында өткен сайлау нәтижесінде «АМАNАТ» партиясының ұсынуымен жаңадан құрылған Жетісу облыстық мәслихатының VIII шақырылым депутаты болып сайландым. Халық сенім артқан халық қалаулысы ретінде мәслихаттың сессия және тұрақты комиссияларының отырыстарында Панфилов ауданында әлеуметтік маңызы бар нысандарды салу, жөндеу бойынша, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың ортаға бейімделуі, халықты әлеуметтік қорғау, спорт және туризм, мәдениет, денсаулық сақтау, білім салалары бойынша туындаған өзекті мәселелерді қарастырып, олардың оңтайлы шешімін табуына және бюджеттен қаражаттың бөлінуіне еңбек етудемін.
Шыны керек, жазиралы Жаркент өңірінің Тұрпан ауылында заманауи жабдықталған спорт мектебін салу бала күнгі арманым еді. Ержетіп, ел сенімін арқалап, халыққа қызмет етуге шамам келген сәтте көпшіліктің тілегін басты назарға алып, сол арманыма қол жеткіздім. Жаңа мектеп оқушылары 2 жылдың ішінде республикалық жарыстарда топ жарып жүр. Спорт мектебінің тәрбиеленушілері тек қана грек-рим күресі емес, үстел теннисі, шахмат, дойбы, тоғызқұмалақтан жаттығып, түрлі жарыстарда шашасына шаң жұқтырмайтын шеберге айналған. Бұл нысанда балалардан бөлек ауыл тұрғындарының да спортпен шұғылдануға мүмкіндігі бар.
Ел азаматтарын салауатты өмір салтын ұстануға шақырып, ұлттық спорт, күрес, футбол, үстел теннисін дамыту жолында әртүрлі ауыларалық, аудандық, облыстық спорт шараларын ұйымдастыруды қолға алдым. Батыр ата-бабаларымыздың мұрасын жалғастыру мақсатында елімізде алғаш рет «Alyptar Saiysy» ұлттық мега-жобасын өткіздік. Бұл спорттық байқауда спортшылар найза ату, бөренені көтеру, арба сүйреу, темірді бүгу сынды нағыз ерлерге арналған сайыстардан сынға түседі.
Бұдан бөлек білім, мәдениет, әлеуметтік салаларының дамуы да үнемі назарымда. Туған жеріме 150 орынды мешіт, ауылдың орталығында аллея салуға үлес қостым. Жаркент өңірінің жастарына шет тілін оқыту және «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелде білім алуына мүмкіндік тудыру мақсатында EDU ligh оқу орталығын аштым. Қазір Әлихан Бөкейханұлы «Тірі тұрсам қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» дегеніндей, еліме, туған топырағыма қалай да пайда тигізуді жиі ойлаймын.
Әрине, депутат үшін сайлаушыларының жеке мәселелері де назардан тыс қалмауы тиіс. Депутат ретінде «AMANAT» партиясы Панфилов аудандық филиалында жиі қоғамдық қабылдау өткіземін. «Халыққа көмек» партиялық жобасы аясында қабылдау өткізіп, өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтардың жеке сұрақтарын қарастырып, әлеуметтік, консультативтік, демеушілік көмек көрсетемін.
Шыны керек, сайлаушылардың көтеріп жүрген мәселелері аз емес. Ал оларды шешуге ықпал ету – депутаттық парызымыз. Екі жыл көлемінде Грекияда өткен ардагерлер арасында грек-рим күресінен әлем чемпионатына қатысушыларға, мектеп ұстаздары сапынан әдістемелік кітап шығарушыларға, қоғамдық ұйымдарға қаржылай қолдау білдіріп келемін. Жақсылық Үшкемпіровтің «Елімізде 5000-дай ауыл бар шығар, соны 5000 ауыл жігіттері көтеріп жіберейік», – деген сөзі бар еді. Осы сөз мені үнемі қанаттандырады.
Жалпы, депутаттың еңбегін халық арасындағы абыройы мен құрметіне қарап білуге болады. Мәслихат депутаттарына жалақы берілмейтінін бірі білсе, бірі білмес. Қоғамдық жұмыс десек те болады. Ал өзінің негізгі жұмысынан бөлек, әлеуметтік мәселелерді шешу, халыққа қызмет ету – үлкен жауапкершілік.
Жалғас АЛТЫНБЕКОВ,
Жетісу облыстық мәслихатының депутаты