Жас дарындардың өнер көкжиегіне қанат қағуына дем беріп келе жатқан бірден-бір жоба – ХІІІ халықаралық «Ақ көгершін» балалар шығармашылығы байқауы. Аталмыш жарыста 1000-нан аса өнерпаз бағын сынады. Соның ішінде облыс намысын қорғаған жас өрендеріміз 4 бас жүлде және І орынды қанжығаларына байлап қайтты.
Өңір намысын абыроймен қорғап келген өнерпаздарды облыстық мәдениет және құжаттама архивтер басқармасының қызметкерлері мен ата-аналар күтіп алды. Ресей мемлекетінен келген қарсыластарына есе жібермей, олжалы оралған оларға гүл шоқтарын сыйлап, жеңіспен құттықтады. Атап айтсақ, бас жүлдені олжалағандар – жас вокалист Әмина Тоқтарова, «Аяназ» би ансамблі, «Аспапта ойнау» номинациясы бойынша Нұранбек Нұрғиса мен Адай Ерсалым. Ал жас әнші Біржан Нұрмыханов І орыннан көрінді.
– Байқауда өз өнерімді көрсеткеніме қуаныштымын. Қарсыластарым да мықты. Бас жүлдені иеленгенімді естігенде қуаныштан төбем көкке екі елі жетпей қалды. №12 орта мектеп- гимназиясының ұстаздарына алғысым шексіз, – деген Әминаға жеңісті «Қазақтың жері киелі» әні әкелді. Авторы – музыка пәнінің мұғалімі, жетекшісі Серікжамал Әжібекова.
Өз кезегінде облыстық халық шығармашылығы орталығы директорының орынбасары Айгүл Сәбитова:
– Байқауға қатысқан жас өнерпаздарымыздың дайындықтары өте жоғары деңгейде. «Ақ көгершін» байқауына жыл сайын қатысамыз. Жеті жыл қатарынан бас жүлде, І, ІІ иеленіп, лауреат атағымен оралдық. Биылғы сайыс – біз үшін ерекше. Қуанышымызды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес, – деді.
Таланттының өрге жүзуіне жетекші мен ұстаздың алар орны ерекше. Шәкірті жеңіске жетсе – еңбегінің ақталғаны. Бұл туралы А. Ерсалымның жетекшісі Рая Нұралина баядады. Ол: «Жарыс болады дегенге дейін дайындық үстінде болдық. Әуелі Сағабүйен саз мектебінде іріктеу сайысын өткізіп, облыстағы жас өнерпаздар байқауына қатыстық. Ерсалым өзінің өнерін көрсетіп, халықаралық байқауға жолдама алды. Енді, міне, бас жүлдені қанжығалап келді. Өңір мерейін үстем етіп қана қоймай, мектебінің де дәрежесін көтерді. Осындай шәкіртіммен мақтанамын», – деді.
Ескелді ауданы Қарабұлақ орта мектебі оқушыларынан құралған «Аяназ» би ансамблі додада екі нөмір ұсынды. 18 биші қыз мың бұрала «Армян» және «Қазақ» биімен тәнті етіп, әділ қазы алқасын баурап алды.
– Жеңіске өз еңбегімізбен жеттік десем, артық айтпағанымыз. Өйткені, барлығымыз алдымызға жеңіске жетеміз деп мақсат қойып, жұмыс жасадық. Әділқазы алқасына «Армян» биі қатты әсер қалдырды. Қоюшысы – Айнұр Баймұхамбетова. Сондай-ақ, «Қазақ» биін орындағанымызда да өнерімізді жоғары бағалады, – деген жас биші Назым Тоғасбаева құттықтап келушілерге рақметін айтты.
Бүгінде сахнаның жұлдызына айналған өнер тарландарының басым көпшілігі «Ақ көгершіннен» қанат қаққандар. Демек, жас өнерпаздарға артылар сенім мол.
Еңлік ҚАБДЕШ





